Ұлытау облысында мұғалім тапшылығы мәселесі шешімін тауып келеді

Ұлытау облысында мұғалім тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

Биыл білім ордалары 186 жас маманмен толықты. Дегенмен оның өзі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Мысалы Жаңаарқа ауданы бойынша 37 педагогтың орны бос. Түйткілдің түйінін тарқату үшін жас мамандарға қолдау көрсетіліп келеді.

Биылғы оқу жылында Жаңаарқа ауданындағы мектептер 7 жас маманмен толықты. Өзге өңірлерден келген педагогтердің ауылдық жерлерді таңдауы бекер емес. Себебі, ол жерге барған маманға қызметтік баспана беріледі. "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тиісті көмек алады. «Бұл жас мамандардың ауылға орнығып кетуіне зор қолдау», - дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Мақпал Ибраева. 

Мақпал Ибраева, Жаңаарқа аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Жергілікті, сол ауылдық округтегі әкімдік тарапынан және білім бөлімі бірігіп келген жас маманға үй реттілігін қарастыру, "Дипломмен ауылға" қаражатын алғанша көмектер береді. Мезгілге байланысты отын-су дегендей. Тағы басқа қажеттіліктер бойынша көмектер беріледі. 

Жасдәурен Есенбек Ынтымақ ауылына Түркістан облысынан көшіп келді. Жұбайы Ақмаралмен мектепте математика мен физикадан сабақ береді. Жас мамандарға 100 АЕК көлемінде көтермеақы төленді. Болашақта осы ауылдан үй сатып алсақ дейді. Ол үшін жылдық үстемесі 0,01 пайыз болатын бюджеттік несиеге өтініш берген. 

Жасдәурен Есенбек, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өтініш бердік. Бір реттік көмек алдық. Енді кезекті «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша кредитті күтіп жатырмыз. Қазір уақытша үйде тұрып жатырмыз. Осы ауылға тұрақтаймыз деп кредит алып жатқан жайымыз бар.

Ал Жастілектің әріптесі Эльдар Жұмабаев бұл ауылға «Оңтүстіктен-Солтүстікке» бағдарламасы бойынша көшіп келген. Болашақ магистр биология мен химиядан тәлім береді.

Эльдар Жұмабаев, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Иә, тұрғын үймен қамтамасыз етілдім. 1 жыл болды тұрып жатқаныма. Жаңа үй соғылды. Сол үйде қазіргі таңда отбасыммен тұрып жатырмын. Ауылға үйреністім, осы ауылдың тумасы сияқтымын.

Ауылға келген мамандар мұнда кемінде 3 жыл қызмет атқаруы тиіс. Дегенмен, олар болашақтарын осы елдімекенмен байланыстырып қойған. Бұл ауылдық жерлердегі кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарламалардың жемісі. Осының нәтижесінде өңірдегі педагог тапшылығы бір жылдың ішінде 2 есе азайған. Бұдан бөлек жыл сайын облыс әкімдігі тарапынан қажетті пән мұғалімдерін оқытуға 50 грант бөлінеді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев