Көкшетауда студенттер жатақханасы ашылды
Көкшетауда 300 студентке арналған жатақхана ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Вице-премьер Тамара Дүйсенова студенттер үйіндегі жағдаймен танысты. Білім беру нысандарын аралап, бірқатар тапсырма жүктеді.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Биыл Көкшетаудағы жоғары техникалық колледжінде жатақхана мәселесі толық шешілді. 2 мыңнан астам студент білім алатын оқу орнында 700 адам жатын орынға мұқтаж болған. 600 орынға есептелген екі ғимараттың бірі пайдалануға берілсе, екіншісі қарашада қолданысқа беріледі.
Нартай Ыбыраев, жоғары техникалық колледж директорының орынбасары:
- Секциялық жатақхана. Екі бөлмелі пәтер сияқты. Бес орындық. Бөлек жуынатын бөлмесі бар. Әр қабатта аспаз бөлмесі бар. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Колледжде өзге өңірлерден келген студенттер көп. Биылдың өзінде «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша Жаңөзеннен 29 бала оқуға түсті.
Арнайы балабақшада 77 бала тәлім алады
Мүгедектігі бар балаларға арналған «Аяла» балабақшасы жақында ашылды. Қазір мұнда 77 бала тәлім алады. Тамара Дүйсенова мекемеде балаларға жасалған жағдаймен танысты.
Балабақшада 42 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында мүгедектігі бар балғындардың ата-аналары да бар.
Гүлнәр Бекжанова, балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы:
- Бір тобымыз тірек қимыл апараты бұзылған балалар. 7 бала келіп жүр. Қалған жеті топта 10 баладан. Бұл психологиялық дамыуында тежеуі бар балалар. Жалпы осы балалардың түзетілуіне, дамуына, оқуына және тәрбиесіне аталмыш балабақшада жақсы жағдайлар жасалған.
Білім саласындағы жаңашылдықтар пысықталды
Қазір елдегі балабақшаларда жан басына шаққандағы қаржыландыру әдісі енгізіліп жатыр. Бөбекжай меңгерушілерімен өткен кездесуде тың тәсілдің тиімді тұстары айтылды.
Асқар Ыбрайымов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Яғни, таңдау ата-анада болғанда ол кез-келген балабақшамен келісімшарт жасай алады. Бұл өте тиімді. Сондай-ақ ата-ана балабақша ауыстыруға да құқылы. Ал, тиісті қаржы сол бөбекжайға түседі.
Вице-премьер білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесіп, саладағы қордаланған мәселерді талқылады. Жиында колледжден кейін жоғары оқу орнына түсу, жан басына шаққандағы қаржыландыру әдісіне қатысты сұрақтар көтерілді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Сондықтан біз жоғары оқу орнымен Оқу ағарту министрлігі колледжбен жоғары оқу орындарының бағдарламасын сәйкестендіреді. Соған сәйкес кредиттер қабылданып, балалар 2-ші немесе 3-ші курстан түсу мүмкіндігін алады. Мұны біз заңды түрде қарастырамыз. Балабақшалар жөнінде ваучерлік қаржыландыру жөнінде қажетті заңнамалық актілерді қабылдайтын боламыз.
Тамара Дүйсенова жергілікті билік өкілдеріне Президент Жолдауында білім саласына қатысты жоспарларды жүйелі орындауды тапсырды. сондай ақ өңірдегі әлеуметтік саланы әрі қарай жетілдіруді жүктеді. Әсіресе, білім мен медицина салаларына баса көңіл бөлу керегін атап өтті.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный