NU әлемдегі ең үздік университеттердің қатарына енді
Назарбаев Университеті білім сапасы бойынша әлемдік рейтингте көтеріліп, кезекті рет үздік университеттер қатарына енді, деп хабарлайды 24kz.
Times Higher Education басылымының мәліметінше, NU кейбір Еуропа және Азия елдерінің жоғары оқу орындарымен салыстырғанда үздік деп бағаланған. Отандық университет Орталық Азияда көш бастап тұр.
Мерей Қанапия, тілші:
- Әлемде 30 мыңға жуық университет болса, рейтингке соның 2 мыңнан астамы кіреді. Арасында Қазақстанның 4 жоғары оқу орны бар. Соның ішінде ең үздік көрсеткіш NU-ға тиесілі. Олар Азия елдері университеттерінің рейтингінде 129-шы, жас жоғары оқу орындары арасында 106-орынға жайғасқан.
Вакар Ахмад, NU президенті:
- Зерттеу жұмыстарының сапасы әрі халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз – біздің мықты тұсымыз. Бар болғаны 15 жылда осындай нәтиже көрсету – жас университет үшін үлкен жетістік. Президент Тоқаев өз жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін көтеру аса маңызды екенін айтты. Міне, NU-дің халықаралық рейтингтегі көрсеткіші – Мемлекет басшысы жолдауының іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанына бірден бір дәлел.
Бұл оқу ордасының дипломы мен білімі студенттердің қоғамда өз орнын тауып, сұранысқа ие болуына көмектеседі. Ал оқытушылар мен ғалымдар құрамы білім ордасының мәртебесіне айналған.
Аида Сағынтаева, Назарбаев Университетінің вице-провосты:
- Біздің университеттің білім беру, әлеуметтік ғылымдар, инженерия және комьютерлік ғылымдар бағдарламалары өте жоғары бағаланған. Осындай рейтингке қатысу нені көрсетеді. Ең бірінші сапаны және дарынды студенттерді, ғалымдарды елге тартып, елдің мықты білімін көрсетіп, дамуына үлесін қосады.
Сондай-ақ NU-дің ғалымдары әлемнің ең үздік зерттеушілерінің қатарында тұр. Бүгінде NU-да 7500-ден астам студент оқиды. Университет соңғы 14 жылда 10 мыңға жуық маман дайындап шығарған. Қазір соның 90%-тен астамы елдің игілігі үшін түрлі салада қызмет етіп жатыр.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев