Сынып жетекшілерінің үстемеақысы 30% артуы мүмкін
Қазақстанда 220 мың мұғалім сынып жетекшілігін қоса алып жүр, деп хабарлайды 24KZ. Бала тәрбиесіне тікелей септесетін ұстаздардың жүктемесі де, жауапкершілік жүгі де өзгелерге қарағанда әлдеқайда ауыр. Осы себептен сынып жетекшілігі үшін төленетін ақыны 30 %-ке көтеру жоспарланып отыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттары жолдаған сауалға осылай жауап берді. Ал бұл ұсынысқа қатысты мұғалімдердің пікірі қандай?
Шолпан Сембайқызы – №81 халықаралық мамандандырылған мектеп-гимназиясының беделді ұстазы. Мұғалімдік еңбек өтілі – 38 жыл. Соңғы 26 жылын сынып жетекшілігіне арнап келе жатыр. Қазір қанатының астындағы 9 «А» сыныбы – өзі түлеп ұшырғалы жатқан оқушылардың жетінші буыны. «Сондықтан бұл жұмыстың бейнетін де зейнетін де жақсы білемін», – дейді ол.
Шолпан Омарова, №81 халықаралық мамандандырылған мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Таңертең ерте мектепке үш адам кірсе, оның екеуі – сынып жетекшісі. Сынып жетекші пән мұғалімімен де, ата-анамен де, әкімшілікпен де – барлығымен тіл табыса білетін осы сынып жетекшісі. Мысалы, пән мұғалімі алады оқушының сабағы үлгермесе, үй тапсырмасын орындамай келсе, тәртібі нашар болатын болса, сынып жетекшісіне келеді. Солай ма? Сынып жетекшісі артынан ата-анамен қарым-қатынас жасау керек. Әрі адам болғаннан кейін біз еңбек ету үшін өмір сүріп жатқанымыз жоқ, өмір сүру үшін еңбек етіп жатырмыз. Солай ма? Сондықтан да біздің материалдық жағымыз жақсы болса, ұстаздарға деген құрмет артса, ұстаздардың беделі де артады, абыройы да артады.
Шолпан Сембайқызы бұған дейін балалармен не ата-аналармен арада түсініспеушілік болмағанын айтады. Мамандығы педагог-психолог болғандықтан, сын-ескертпені жайлап жеткізіп, әр тарап үшін мәселенің ұтымды шешімін табуға тырысады. Бұған бойындағы бар күш-қуат сарп ететінін де жасырмады.
Қыркүйекте бір топ Мәжіліс депутаты жасөспірімдердің деструктивті әрекеттерден сақтау үшін бүгінде қандай амал қолданылып жатқанын сұрап, Үкімет басшысына сауал жолдаған еді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында сынып жетекшілігін алып жүрген 220 мың ұстаздың төлемақысын 30%-ке арттыру көзделгенін келтіреді. Мектеп әкімшілігі бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Тоғжан Қартаева, №81 халықаралық мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:
- Жалақы көтеру мәселесі бойынша өте орынды ұсыныс деп ойлаймын. Олардың базалық окладтан 60%-і төленеді. «Базалық оклад» ол бізде 17 мыңдай. Ол қазір 7 мың қолдарына түседі. «Базалық окладтан» 10 мыңдай «начисление» болады.
Иә, сынып жетекшілігі үшін төленетін ақы мардымсыз. Бірақ соған қарамастан ұстаздар бұл қызметін мүлтіксіз атқаруға барын салады. «Сондықтан еңбек жолында қандай қиындық туындамасын, оны еңсере білуіміз қажет», – дейді олар. Себебі қара да, дана да, патша да ұстаздың тәрбиесін көреді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпханова.