Балқашта «Worldskills Kazakhmys-2024» IV корпоративтік чемпионаты өтті

«Қазақмыс» Политехникалық колледжінің студенттері енді Түркия университеттеріне грантқа түсе алады. Жұмысшы мамандықтадың «World-Skills Kazakhmys 2024» IV корпоративтік чемпионаты аясында оқу ордасы Түркия Республикасының университеттер қауымдастығымен арнайы келісімге қол қойды. Нәтижесінде колледждің 20-ға жуық шәкірті оқуын бітірген соң Түркиядағы жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болады.

Қазақмыс Политехникалық колледжі мен Түркия университеттері арасындағы келісім халықаралық байланысты нығайтып қана қоймай, студенттердің құзыреттілігін арттыра түспек. Сондай-ақ Түркия профессорлары колледж студенттеріне түрік және ағылшын тілдерінен онлайн курс өткізеді.

Рүстем Құрманов, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлерді оқыту бөлімінің бастығы:

- Биыл біз осымен 4-ші корпоративтік чемпионат ұйымдастырып жатырмыз.  Оған колледж студенттері мен «Қазақмыс» компаниясы тобының қызметкерлері қатысады. Бұл цехта ұсталық, әнекерлеу және электр монтаждау сияқты үш мамандық бойынша жарыс өткізіледі. Мұндай чемпионаттарды өткізу жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсетеді.

Колледж шәкірттері өндірістік жарыста өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Жарыста алты түрлі мамандық бойынша студенттермен қатар «Қазақмыс» компаниялар тобының Жезқазған, Қарағанды және Балқаш қалаларындағы кәсіпорындарынан 73 адам қатысып, бақ сынады.

Камила Лаане, чемпионатқа қатысушы:

- Бізге әуелі не істеу керегін айтады. Содан кейінгі тізбекті өзіміз жинаймыз. Шамдарды дұрыс жинау арқылы жарықтандыруды ретімен орналастыруымыз қажет болды. Оған шамамен 4-5 сағат уақыт берілді. Өте қызық болды. Мен мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отырмын.

Қатысушылар нақты өмірлік жағдайға негізделген тапсырмаларды орындады. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Осылайша, Политехникалық колледж өз студенттеріне сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ернар Нысанбай.