Ақтөбеде үш ауысымды мектеп мәселесі шешіле бастады

Ақтөбе облысында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешіле бастады, деп хабарлайды 24KZ. Жергілікті билік екі жыл ішінде 39 білім ошағын салмақ. Олардың жартысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді.

Бұл білім ошағы «Ақжар-2» ықшам ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған. Құрылысы толық аяқталып, енді әрлеу жұмыстары қалған. Мұнда 600 оқушы екі ауысыммен оқиды. Екі қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай салынған. «Мүгедек балаларға арналған лифт те қарастырылды», – дейді құрылыс компаниясының өкілі Евгений Львов.

Евгений Львов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Әрлеу жұмыстарының 90% аяқталды. Қазір мектеп ауласын абаттандыру, асфальт пен тастөсем салу жұмыстары жүріп жатыр. Инженерлік-инфрақұрылым толық тартылды.

Ал №49 орта мектепке қосымша жапсаржай салынды. Оқушылар сыймағаннан кейін осындай шешім қабылданған. Енді 2 аптадан кейін балалар жаңа ғимаратта білім алады. «Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған», – дейді мектеп директоры Асылай Әбжанова.

Асылай Әбжанова, №43 орта мектеп директоры:

- Осы қосымша құрылыстың кабинеттері жаңа модификациялық кабинеттер қарастырылған. Мұнда биология, химия, физика, НВП, шеберханалар қарастырылған. Бөлмелері жап-жарық, қазіргі заман талаптарына сай. Екі ауысымда мәселені толықтай шешіп тұр.

Өңірде қазір 4 апатты және 3 үш ауысымды білім ошағы бар. «Облыстағы мектеп мәселесін екі жыл ішінде шешуді жоспарлап отырмыз», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов.

Артур Әуезов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 18 мектеп құрылысын салу жоспарланған және одан бөлек жергілікті бюджеттен салынатын мектептер бар. 18 орын тапшылығы бар мектептер бар. Ол мектептердің де мәселесі биыл және келесі жылы түбегейлі жойылады осы мектептердің салынуымен.

Екі жыл ішінде облыста 39 мектеп салынбақ. Оның 12-сі биыл пайдалануға беріледі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков.