Орталық Азия оқытушылары Қазақстанда білімін жетілдірді

Астанада Қырғызстан мен Тәжікстанның оқытушыларына арналған оқу семинарлары өтті, деп хабарлайды 24KZ. Онда интеграцияланған білім беру және бағалау жүйесі үйретілді. Бес күнде оқытушылар осы әдісті медицинада қолдану жолдарын меңгерді.

Интеграцияланған білім беру жүйесі Түркияда кеңінен қолданылады. Ал Қазақстан бұл әдіспен соңғы үш жылдан бері жұмыс істейді. Жүйе оқу бағдарламасының тиімділігін арттырып, білікті мамандарды шығаруға бағытталған. «Дегенмен ол әлі де жетілдіріледі», – дейді Астана медицина универститенінің кафедра меңгерушісі Әлия Смағұлова. Семинар KazAID халықаралық даму агенттігің қолдауымен тегін ұйымдастырылған.

Арманай Оңғарбаева, KazAID халықаралық даму агенттігінің баспасөз хатшысы:

- Қазан аралығында Орталық Азияның Тәжікстан мен Қырғыстаннан 10 медицина сферасынан оқытушыларды шақырып, семинар жүргізіп жатырмыз. Бұл бағдарлама аясында Түрік агенттігінен қазір оқыту жүргізіп жатқан профессор ұсынылған болатын. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы Орталық Азия мемелкеттері арасындағы өзара тәжірибе алмасу.

Азиза Сейітова, Ош мемлекеттік университетінің фармакология оқытушысы:

- Семинар өте қызықты өтіп жатыр. Біз білім беру саласында тәжірибемізбен бөлісіп, пікір алмастық. Модульдік интеграцияланған білім беру жүйесі жайлы жан-жақты ақпарат алдық. Соның арқасында пәндерді өзара кіріктіріп, түрлі форматта оқыта аламыз. Жалпы жасанды интеллектіні қолданып, көп пайдалы ақпартты меңгердік. Бүгінде жастардың дені смартфондарды қолданады. Біз соны пайдаланып, оқу бағдарламасына енгізіп, қызығушылықты арттыруға тырысуымыз керек.