Қызылорда облысында апатты мектептер жойылады
Қызылорда облысында келер жылы төрт апатты мектеп сүріліп, орнына жаңасы салынады.
Қазір өңірде үш ауысымда білім беретін оқу ошағы қалған жоқ. Олардың жанынан қосымша ғимарат салынып, түйткілдің түйіні тарқады. Сонымен қатар Тоқабай ауылындағы апатты мектептің мәселесі шешілді. Елді мекенде инвестор өз қаражатына 100 балаға арналған білім ошағын тұрғызып жатыр. Нысанның оқу корпусындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, 146 оқушы екі ауысымда білім алады.
Әліби Шораев, Тоқабай ауылындағы орта мектеп директоры:
- Бұған дейін апатты деп танылған мектеп қайта салынамын дегенше ауылдық округ әкімдігінің ғимаратында оқып келген болатынбыз. Тар кабинетте оқуға тура келді. Бірақ тез арада осындай, жарық, кең оқу корпусына қол жеткізіп отырмыз. Бұл жерде оқу сыныптарымен қатар компьютерлік сыныптар, оқушыларға барлық жағдай жасалған.