БҚО-ның Жарсуат ауылында жаңа мектеп ашылды
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында Республика күні қарсаңында жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Жарсуат ауылында бой көтерген 108 орындық білім ордасы пән кабинеттерімен, барлық қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылған. Мектептің салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдық жердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
Жарсуат орта мектебінде 147 бала бар. Бұрын шәкірттер 70 жылдары салынған көне ғимаратта білім алыпты. Асханасы, акт залы жоқ ескі нысанға бастауыш сынып оқушылары да сыймай, бөлек оқыпты. Енді ол қиындық артта қалды. Шәкірттер енді жарық та сәулетті оқу ордасында тәлім алмақ.
Таңсұлу Серікқызы, 10-класс оқушысы:
- Бұрынғы мектебіміздің төбесі құлап, жарлары түсіп жатты. Қазір жаңа мектепте дұрыс жабдықталған. Бәрі бар, әдемі бәрі. Жақсы оқуға енді мотивация бар. Өйткені бағдарлама платформалар енгізіп жатыр, жаңа компьютерлер бәрін әкеліп.
Мектептегі 12 пән кабинетінің 10-ы интерактивті тақталармен жабдықталған. 2 шеберхана, спорт залы, кітапхана, 70 орындық акт залы және 30 орындық асхана бар. Оқушылар мен ұстаздарды білім ордасының ашылуымен құттықтаған облыс әкімі ауылдық жердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасын бірдей деңгейге жеткізу ол мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан ауылдық жерде осындай мектептер салу біз үшін үлкен мақсат және біздің алдымызда тұрған Мемлекет басшысының беріп отырған тапсырмаларының бірі. Біз келесі жылы да осындай мектептерді облыс көлемінде жалғастыратын боламыз. Оған мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы бар.
Жарсуаттағы шағын құрамды жаңа мектеп КПО компаниясының қаржысына салынған өңірдегі 15-ші білім ордасы. Одан бөлек облыста биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 8100 орындық 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 3-і жыл соңына дейін тапсырылмақ.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов