Елімізде білім беруге бет бұрған жас көп

Елімізде соңғы 5 жыл ішінде мыңнан астам жаңа мектеп пайдалануға беріліп, бүгінде жалпы саны 8 мыңға жетті.

Оның ішінде тозығы жеткен 1300 мектептің 300-і жөнделіп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, жаңа әрі заманауи кабинеттерді жабдықтау жобасы да жоспарға сай жүзеге асуда. Бүгінде 3,5 мың мектепте робототехника, физика, химия және биология пәндеріне арналған су жаңа кабинеттер ашылды. Үш ауысымды саналатын 92 мектептің мәселесі де биыл жыл соңына дейін шешілмек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері айтты.

Биік белестерге бастаған отандық білім беру жүйесі бүгінде тек ілгері дамып келеді. Ұстаздар қауымын жан-жақты қолдау бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соңғы 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100 пайызға, ал мектепке дейінгі тәрбие мекемелері қызметкерлеріне және колледждерге кәсіпорыннан тартылатын мамандарға төленетін айлық 30 пайызға өсті.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Ең маңызды өзгерістер, ең алдымен, мұғалімдердің еңбек жағдайларын, сапалы білім алу үшін балаларға жайлы білім беру ортасын жасауға бағытталған. Оның алғашқысы да маңыздысы – педагог қауымының жиырма жыл күткен "Педагог мәртебесі туралы" заңы қабылданып, қоғамдағы мұғалімнің рөлі артты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы педагогтердің бірінші съезінде "Ұлт келбеті – ұстаз, ұстаз қандай болса, мемлекет сондай болады" деген қанатты сөзді алға тартты.

Қазір жас мұғалімдердің орташа айлығы 300-350 мың теңге шамасында. Олардың апталық жүктемесі 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылды. "Педагог мәртебесі туралы" Заңға сәйкес, мұғалімді тікелей міндетінен тыс қызметтерге тартуға тыйым салынды. Бұл талапты бұзған кез келген мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қаныбек Жұмашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің төрағасы:

- Кеңес Одағы кезінде мектепті бітірген ең мықты түлектер "Педагогика" мамандығын таңдайтын. Себебі мемлекеттік қолдау жоғары болатын. Оның болашағы айқын, келешегі жарқын болатын. Ол өзінің миссиясын түсінетін. Жастарға тәрбие беремін деп мектепке келетін. Өкінішке қарай орта жолда, дағдарысқа ұшыраған кезеңдер болды. Қазір Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында бұл үлкен бетбұрыс.

Расымен, осыдан 10-15 жыл бұрын жас түлектер "Педагогика" мамандығын өз еркімен көп таңдай бермейтін. Басқа мамандықтарға түсуге ұпайы жетпей қалғандар ғана амалсыз мұғалімдікке баратын. Қуанышқа орай, қазір жағдай басқаша. Түрлі байқау көп. Әлемде ең беделді саналатын 7 халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға да қомақты сыйақы қарастырылған.

Айман Дүйсенбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

- Білім саласында бізде қазір 19 пайыз ер адамдар. Енді қазір жалақының көбейуіне байланысты мүмкін ер адамдар біздің саламызға көптеп келуі мүмкін. Ал басқа оларға тартылатын қандай да бір конкурстар болса, тағы басқа республикалық үздік педагог конурстары болса да, оларға шектеу жоқ. Әйел адамдар секілді олар да қатыса алады. Яғни бұл жерде біз теңдік принциптерін қарастырамыз.

Соңғы уақытта "Алтын белгі" иегерлері де өз өмірін білім беру саласына арнап жатыр. Мәселен, былтыр шамамен мың жарым болса, биыл мектепті үздік бітірген 1800 түлек "Педагогика" мамандығын әу бастан таңдап қойыпты. Бірнеше пәндік олимпиадалардың жеңімпазы Айбат Сәбит те "Алтын белгіден" үміткер. Үш тілді жетік меңгерген жас,,, жоғары білімді АҚШ-та алғысы келеді.

Айбат Сәбит, № 82 "Дарын" мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы:

- Мен ұстаздарымды жақсы көремін. Олар өте білімді кісілер. Оларды тыңдаған өте ұнайды маған. Сабақты өте жақсы түсіндіреді және қазіргі әлеммен бірге байланыстырады.

Айбат Сәбит экономика мен қаржылық сауаттылықты меңгеріп, ұстаздықпен ұштастыруға асық. Бар білгенін өзінен кейінгі буынға үйретіп, салада өзіндік қолтаңбасын қалдыруға ниетті. Бұл бағытта оған ұстазы Эльмира Әбубәкірова көмектесіп келеді.

Эльмира Әбубәкірова, қаржылық сауаттылық пәнінің мұғалімі:

- Жалпы дарынды балалармен жұмыс жасауда қазіргі қоғамда қойылып жатқан талап жаһандық құзыретті азаматты тәрбиелеу. Ол үшін біз баланың алған білімін өмірде күнделікті қолдануға жетелейтін тапсырмалар немесе соған сәйкес пәндерге үйретуге басты міндет қоямыз.

2020 жылы енгізілген карантин отандық білім беру жүйесіне үлкен сынақ болғаны белгілі. Күрделі кезеңге қарамастан елдегі оқу-ағарту ісі бір сәтке де тоқтаған емес. Пандемияға байланысты барлық мектеп қашықтан оқыту форматына көшкені жадымызда. Телеарна эфиріне шығып, сабағын өткізген ұстаздардың қатарында Айгүл Бейсенбина да бар.

Айгүл Бейсенбина, № 82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің директоры:

- Жалпы онлайн кезінде балалардың білім алуына еш кедергі болды деп ойламаймын. Үкімет тарапынан көп қолдау болды. Өйткені әр оқушыға жеке-жеке ноутбуктар берілді. Мектепте білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. STEM зертханалық кабинет бар. Робототехника кабинеті бар. Мұғалімдеріміз жасанды интелектіні тиімді пайдаланады. Сондай-ақ түрлі цифрлық платформаларды қолданады. Интернет барлық кабинетте 100 пайыз жұмыс істеп тұр деп айта аламын. Өйткені барлық оқу кабинеттері компьютермен және панельдермен қамтамасыз етілген.

Ұстаздар күні Мемлекет басшысы мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтап, Ақорда төрінде ерекше құрмет көрсеткені есімізде. Бұл салаға айрықша назар аударылғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Алдымызда тұрған ендігі үлкен мақсат - білім сапасын әлде де жоғары деңгейге көтеру. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беріп, әр оқушының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, дейді педагогтер. 

Мирлан Алтынбек, Марат Диқанбаев, Асхат Қарақойшиев, Ақылбек Есімсейітов