Целиноград ауданында инклюзия кабинеттері ашылды
Ақмола облысының Целиноград ауданында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинеттер ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Ыбырай Алтынсарин, Қызылжар, Оразақ және Қараменді батыр ауылдарындағы мектептерде арнайы жабдықталған бөлмелер қолданысқа берілді.
Инклюзияны қолдау кабинеттерінде төрт түрлі аумақ ұйымдастырылған. Мұнда мұғалімдер бұрышы, топтық жұмыстарға арналған аумақ, баламен жекелей жұмыс істеу және сенсорлық демалыс бұрышы бар. Әр бала қажетіне қарай логопед, дефектолог, психологтың қызметіне жүгіне алады.
Бұдан бөлек, жобаның бас серіктесі педагогтардың даярлығын қамтамасыз етпек. Осылайша, біліктілігі жоғары мамандар ерекше балалардың жалпыға ортақ мектепке бейімделіп, білім алуына көмектеседі.
Гүлмира Әбелдинова, «Baquatty aimaq qory» ҚҚ директоры:
- Серіктестердің қолдауымен 50-ден астам бала құрдастарымен бірге мектеп қабырғасында тең жағдайда білім ала алады. Инклюзияны қолдау кабинеттерінде балақайлар логопед, психолог мамандардың көмегіне жүгінеді. Яғни, ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдаудан бастап мектеп бітіргенге дейін оларға арналған білім беру бағдарламасының жоспары жасалады.