Қазақстанда алдағы үш жылда ғылым саласына ₸700 млрд бөлінеді
Осылайша, мемлекет ілімге іргеліс әкеліп, зерттеу орталықтарын көбейтуді жоспарлап отыр. Оған қоса, академиктердің әлеуметтік жағдайын жақсартпақ, деп хабарлайды 24kz.
Ғалымдар да құр алақан емес. Мемлекет мезіретін көрген мамандар зерттеу ісіне етене кірісіп, түрлі өнертабыс ойлап тапты. Су батареясынан бастап, қатерлі ісікке қарсы дәрі жасап шыққан. Ал атқамінерлер ғылымды өндіріске қосып, шикізат бағасын еселегісі келеді. Бұған әлеуетіміз жете ме?
Бекзат Аманов, тілші:
- Назарбаев Университетінің зерттеушісі Жанар Мұхатаева жасанды интеллект көмегімен Exoman қосымшасын ойлап тапты. Бағдарламаның әлемде баламасы жоқ. Ол адамның жүріс-тұрысын, қайда барып не көргенін талдай алады. Осы арқылы жоғалған затты оңай табуға болады. Сондай-ақ шахта немесе үлкен ғимараттар ішінде адасып кетпеуге көмексетеді.
Жанар Мұхатаева, Назарбаев Университетінің аға деректер талдаушысы:
- Біздің қосымша нысандардың автоматты түрде анықтап, сурет ретінде жадында сақтайды. Ең алыдмен деменциясы бар адамдарға көп көмектесе алады. Дені сау адамдар үшін де пайдалы. Өткені қосымша адамның есте сақтау кезінде сезінетін когнитивті жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Миымыздың функцияларын басқа бағытта пайдалана аламыз.
Бұл ілкімді істің ізашары ғана. Егемендіктен бері елең еткізген жоба көп. Кейінгі жылдардың өзінде отандық ғалымдар қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. Өнім қазір аса құпия түрде зерделеніп жатыр. Одан бөлек, селенді өңдеп, таза тауар сатуды қолға алдық. Соның арқасында шикізаттың бағасы еселене түсті. Ұзын-ырғасы 16 төл жоба шетелге экспортталып жатыр. Мамандар әлемге әйгілі қазақстандық ғылыми жетістіктерді көбейткісі келеді. Бұл ретте саладағы жаңадан қабылданған заңды айтуға болады.
Ринат Елшібеков, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің басқарма басшысы:
- Ұлттық ғылым академиясына жоғары мәртебе берілді. Жоғары ғылыми ұйым деген мәртебесі берілген болатын. Жас ғалымдарға қатты көңіл бөлуде заң жүзінде. Ең бірінші, оларды үйлермен қамтамасыз ету. Оқу зертханаларға бара алады. Яғни, өздерінің зертеу жұмыстарын жасай алады. Бізде жоқ құрал-жабдықтар бар. Ғылым мен өндірісті ұштастыру жүруде, бұл одан әрі дамитын болады.
Ғалымдардың жалақысы да ашқан жобаларға қарай көбейе береді. Министрліктің мәліметінше, мамандар айлығы 300 мың теңгеден басталады. 2-3 жоба ашқан академик млн теңгеден астам жалақы алады. Ғылыми дәрежелеріне қарай тағы қосылады. Ендігі өзекті мәселе – инфрақұрылымды дамыту. Көп жерде зертхана ескі, заманауи жабдықтар жоқтың қасы.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы қарқынды азайтпай, жыл сайын ғылымға ақшаны бөлу керек. Сонда ғана эффект болады. Сонда ғана ғылым экономиканың дамуына серпін бере алады. Бізге әлі ғылыми орталықтарды жабдықтау жағынан, лоборатория құру жағынан әлі бізде шешілмеген мәселе өте көп. Кейбір ғылыми орталықта жөндеу болмаған 30 жыл бойы.
Иә, тәуелсіздік бедерінің бір кезеңінде ғылым назардан тыс қалды. Тіпті саланы коммерцияландыру үшін қаржы бөлуді тоқтату керек деген ұсыныс болған. Алайда кейінгі жылдары бұл олқылықтың орны толды. Ғалымдар қайта төрге шығып, құрметке бөленіп жүр
Әсіресе, егемендіктің бастауы болған Республика күнінде 80 ғалымға мемлекеттік награда берілді. Соның бірі – Асқар Жұмаділдаев. Қазақстанның Еңбек ері атанған академик сала серпілісі үшін бәрін істеуге уәде берді.
Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның Еңбек ері, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Біз қарқынды жұмыс істеуіміз керек. Ғылымның шаңырағы Ұлттық академиясы бір құлады ғой. Соны қайта тұрғызып отыр ғой бұл кісі. Бізге ғылымды қайта қалпына келтіріңдер деп тапсырма берді. Мен сол тапсырманы орындаймын. Осы бағытта бәрііміз аянбай жұмыс істейміз.
Министрлік инфрақұрылым мәселесіне баса назар аударылатынын айтады. Сондай-ақ ведомство өкілдері жүзеге асырылып жатқан жобалардың құпиясымен де бөлісті. Қазақстан ғалымдары титаннан жасалған имплант әзірлеп жатыр. Бұл медицина саласына серпіліс әкеліп, бүкіл әлемге экспортталатын жоба болмақ. Қысқасы, қазақ ғылымының қанаты қайта қатая бастады. Демек, алда академиктерден күтетін жаңалық көбейеді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Диас Қобланбаев