Астанадағы 28 мың бала үшінші ауысымда оқып жүр

Олар – жоғары емес, 3 пен 4-сынып оқушылары. Қосымша ауысым уақытында білім алу үшін жоғары сыныптағыларды қою мүмкін емес. Себебі жүктемесі ауыр. Ал бірінші сыныптағылар мектепке енді ғана бейімделіп жатыр. Демек оқу ордасының тапшылығы бар. Мәселе қашан шешіледі?

Астанадағы №74 мектеп балаға лық толы. Мұндағы үшінші ауысымда оқитындардың ата-аналары дабыл қағып отыр. Айтуларынша, 9 жастағы балаларды бұл ауысымға қоюға болмайды. Себебі күз бен қыс мезгілінде қараңғы ерте түсіп, олардың қауіпсіздігі алаңдатады. Одан қалды оқушылардың иммунитеті де тұрақты емес.

Айжан Апушева, қала тұрғыны:

- Мысалы, біздің мектеп мыңнан аса балаға арналған. Негізі балалар саны үш есе артық боп тұр. Сол себепті біздің мектепте үш ауысым деп аталады. Бірақ негізі төртеу боп тұр, аралық ауысым бар арасында. Біздің балаларымыз бастауыш сынып болса да, сабақтары сағат үш жарымда басталады.

Жанерке Байболова, қала тұрғыны:

- Менің қызым тіпті кешкі асын ішпейді. Сағат 7 жарымда сабақ бітсе, 8-дерде әзер келеді. Біз тамақты ішіп болып, кешке оны шақырса, жалғыз өзі іше алмайды ғой. Бәріміз қасында отыруымыз керек. Беймезгіл уақытта басталады, беймезгіл уақытта бітеді. Әрине, бұл – жалғыз менің емес, барлық ата-ананы алаңдататын нәрсе.

Шағынаудандағы орыстілді сыныптары бар №37 мектептің де мәселесі – осы. Оқушы көп, орын аз. 3,5 мыңға арналған оқу ордасында тағы мыңға жуық бала оқып жүр. Оның 180-і үшінші ауысымда білім алады.

Гүлжан Төлеу, №37 мектеп директоры:

- 5-11 сыныптар екі ауысыммен оқиды. Неге десеңіз, әрбір сыныптағы жүктемеге сағатқа байланысты. Бізде үш ауысымды білім алу 1-4 сыныптар аралығында. 1-2 сыныптарда сағат саны аздау ғой, сондықтан жалпы бастауышты үшінші ауысымда оқытуға мүмкіндік болып тұр қазір.

«Мәселені маңайдағы 4 мың оқушы орнына арналған мектеп шешеді», – дейді мамандар. Алайда ол тек келер жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Жалпы бұл проблема елордада ғана емес, өзге өңірлерде де өзекті. Жауапты ведомствоның мәліметінше, ұлттық жоба аясында келер жылдың соңына дейін 460 мың орынға шақталған 217 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 16-сы қолданысқа берілді.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инвестициялық жобалар басқармасының басшысы:

- Осы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталуының басты себебі жүргізілген есептеулер аясында болып табылады. Яғни, біздің есеп бойынша, қазіргі кездегі қолданылып жатқан шараларды жүргізбегенде елде 2026 жылдың соңына дейін оқушы орын тапшылығы 1 миллионға жетуші еді. Осы мәселені шешу үшін айтылғандай, осы жобалар іске асырылып жатыр.

Барлық мектеп түрлі қордың бюджеті есебінен салынады. Оның ішінде Ұлттық қорды ерекше атап өту керек. Бұл жерден мектеп құрылысына 1,5 трлн теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ қазір Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры да осы мәселенің шешілу жолында атсалысып жатыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев.