Елімізде шетелдік 11 университеттің филиалы ашылады

Келесі жылы елімізде шетелдік жетекші 11 университеттің филиалы ашылады.

Бұл жөнінде QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің мерейтойына арналған халықаралық форумда айтылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жиынға әлемдегі 350 жоғары оқу орнының ректорлары мен халықаралық сарапшылар қатысты. Бүгінде Қазақстанда 30 мың шетелдік студент білім алады. Шетелдік 23 университеттің филиалы жұмыс істейді. Олар ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, технологияны дамытып, инвестициялық жобаларды іске асыруда. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек енді еліміздегі білім ордаларының жұмысы арнайы рейтинг арқылы бағаланатынын айтты. Бұл рейтинг жоғары және кәсіптік білім беретін отандық 120 мекемені қамтиды. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

«Біз қазір QS және Times Higher Education сарапшыларымен бірігіп сондай рейтингті жасап шықтық. ЖОО енді сапаға жұмыс істеулері керек. Рейтингте шынайы сапаға жұмыс істейтіндер көтеріледі жоғары. Екіншіден, енді мемлекеттік тапсырыс келесі жылдан бастап гранттар ақырындап сол рейтингке негізделеді. Енді ЖОО мемлекеттен ұлғайтылған гранттарды аламын десе онда осы рейтингке жұмыс істеу керек.»