Химия пәнінен республикалық олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі өтті
Ұлытау облысында химия пәнінен Республикалық олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Ауқымды зияткерлік сайысты "The Ulytau Educational Foundation" қайырымдылық қоры (Зе Ұлытау Эдюкейшенл Фаундэйшн), "Қазақмыс" корпорациясы, Білім министрлігі, "Дарын" ғылыми-практикалық орталығы және Ұлытау облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Олимпиадаға қатысушылардың қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жоғары сынып оқушылары бар. Білім сайысына барлығы 20 шақты команда қатысып, үздік атануға тырысты.
Ұлытау облысында химия пәнінен академик Сәтбаев атындағы республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Бұл жолы оған тоғызыншы сынып шәкірттерімен бірге 10 және11 сынып оқушылары да қатысты.
Серік Әбенов, "The Ulytau Educational Foundation" қайырымдылық қоры төрағасының бірінші орынбасары:
- Біздің дәрежені көтеру мақсатында осы олимпиаданы халықаралық дәрежеге көтеруді жоспарлап отырмыз. Жылдан жылға осы олимпиаданың дәрежесі балалардың дайындығы жоғалығын көрсетіп отыр. Оны біздің әділқазылар алқасы соны атап өтті.
"Қазақмыс" корпорациясы - Қордың тұрақты серіктесі ретінде Химия олимпиадасын жыл сайын өткізіп келеді.
Жасұлан Байниязов, "Жезқазғанцветмет" өндірістік бірлестігінің бас директоры:
- Бұл олимпиада Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есіміне бекер айтылмаған. Ғалымдар мен зерттеушілердің еңбегі барлық жаңа технологияларды дамыту мен инновациялық шешімдерді енгізудің негізі болып табылады. Біз сіздердің осындай маңызды жолды таңдағандарыңызды мақтан тұтамыз.
Олимпиаданың теориялық және практикалық кезеңдерінің қорытындысы бойынша 36 жүлдегер анықталды. Жалпы командалық есепте Павлодар облысының өкілдері үздік шығып, Қазақстандағы Канада елшілігінің ауыспалы кубогының иегерлері атанды. Олимпиада Гран-приін де аталған команда мүшесі иеленді. Ал ең көп балл жинаған 11-сыныптың бес оқушысына еліміздің техникалық және педагогикалық жоғары оқу орындарының гранттары табысталды.
Талғат Серікқалиұлы, Елизавета Шалина, Нұрбол Өздікбаев