Оралда 11 сарбаз жоғарғы оқу орнының грантын иеленді

Оралда 11 жауынгер жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды, деп хабарлайды 24KZ. Сарбаздарға сертификатты Қорғаныс министрлігінің өкілдері арнайы табыстады. Мұндай мүмкіндік тәртібі жақсы, жауынгерлік дайындығы үздік болғандарға беріледі.

Бүгін 5517 әскери бөліміндегі сарбаздар үшін қос қуаныш. Бірі жыл бойы Отан алдындағы борышын өтеп үйге қайтар күн жақындаса, кейінгісі сарбаздар университет грантын жеңіп алды. Солардың бірі – Нұрсұлтан Ақшолов. Атырау облысының тумасы енді Шымкенттегі жоғары оқу орнында тегін білім алады.

Нұрсұлтан Ақшолов, сарбаз:

- Мақсатым десе де болады, тағы да бір унивеситетке түсіп, екі дипломмен шығып. Менің ең басты мақсатым – Қазақстанды дамыту. Негізі менің бір дипломым бар. Мынау екінші диплом болып есептеледі. Құдай қаласа, осы дипломмен барып, құрылысшы мамандығына барып түсейін деп жатырмын.

Мемлекеттік грантты ұтқан сарбаздар шәкіртақы алады. Оған қоса студенттер жатақханасына орналасуға мүмкіндік қарастырылған. Жалпы республикадағы 70 университет жауынгерлерге тегін білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бір ғана бөлімнен 195 әскерге шақырылушы оқу грантына өтініш берген. «Соның 11-і үздік атанды», – дейді әскери бөлім командирінің орынбасары.

Дәурен Рахымбеков, № 5517 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Біздің әскери бөлімнің өзінен 11 жауынгер грантты жеңіп алды. Мамандығы мен жоғары оқу орнын өздері таңдайды. Жалпы мұндай мүмкіндік барлық сарбаздарға бірдей беріліп отыр. Олар ең алғаш келген кезде «Срочники 2.0» деп аталатын ақпараттық жүйеге өтінім береді. Сарбаздардың тәртібі, оқу жаттығудағы жетістіктері мен оқу үлгеріміне байланысты база грантқа кімнің лайық екенін өзі анықтайды.

Мамандардың айтуынша жоба жастардың әскерге деген қызығушылығын арттырып отыр. Мәселен, осы шақырылымда еліміз бойынша 18 мыңға жуық сарбаз білім грантына өтінім берген. Ал Қорғаныс министрлігінің өкілдері осы күзде 1500 грант бөлінгенін мәлімдеді.

Авторлары: Мерей Бает, Альбина Кұмарғаалиева.