Еліміздің 170 ауданында пәндік олимпиада өтіп жатыр
Елімізде IQanat Олимпиадасы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Республикалық білім сайысының І кезеңі 170 ауданда өтіп жатыр. Интеллектуалдық сайыста сегізінші сыныпта оқитын 56 мың ауыл баласы бағын сынауда. Білім сайысы Жамбыл облысындағы Меркі ауылында да өтіп жатыр.
Республикалық білім сайысының бірінші кезеңіне Меркі ауданының өзінен 800 оқушы қатысты. Олимпиаданың артықшылығы – балалардың жетістіктері мен мектептегі бағалары ескерілмейді. Кез келген қатысушыға жеңіске жетуге мүмкіндік бар. Әрі білім бәсекесінің басқа тестілеулерден айырмашылығы – мұнда оқушының логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы мен қазақ тілін меңгеруіне мән беріледі.
Сырым Боранбай, олимпиаданы ұйымдастырушы:
- Аудандық турдан өткен 10 мың бала екінші турға өтеді. Ол – облыстық тур. Облыстық турдан тағы бір 1000 бала іріктеледі. Сол 3 турдың нәтижесі бойынша IQanat Бурабай деген қазіргі заманғы керемет мектепке ауыл балаларының арасынан тегін, жататын орны тегін, тамағы тегін, формасы, оқуы, бәрі тегін өтелетін гранттар ұсынылады.
Гранттар үздік 100 оқушыға беріледі. Ал финалға жолмада алған қалған балалар үш жылдық оқу-қолдау бағдарламасынамен тегін қамтылады. Ол арқылы ауыл балалары халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілі, IT дағдылары мен кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Бұған дейін осы бағдарламаны қолданған балалардың 90%-і Қазақстан мен шетелдің үздік университеттерінің грантын жеңіп алды.
Сәбина Жақсыбек, олимпиаданың финалисі:
- Біз енді 9-сыныпта қатыстық қой. 10-11 сыныпта осы өзіміздің мамандығымызға түсуіміз үшін дайындық жүйесін барлығын берді. Яғни, ол платформада таңдаған пәндеріне байланысты дайындық жүйесі болды 5 пәннен. Одан бөлек, кураторлар болды. Сол кісілер көмектесті. Және одан бөлек, 10-11 сыныпта IQanat мектебіне 2 апталық оқуға мүмкіндік берді.
Пәндік олимпиада 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өтеді. Осы уақыт аралығында 240 мыңнан аса ауыл баласы қатысқан. Қазір IQanat түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә