Қостанай облысындағы мектептерде шахмат сабағы енгізілді
Биыл Қостанай облысындағы жиырма екі мектепте шахмат пәні енгізілді.
Адамның ой-өрісін дамытатын тақталы ойын негіздері бірінші сыныптан бастап оқытылады. Жаңа пәнге балалардың қызығушылығы қаншалықты? Өңірде шахматты дамытуға алғышарттар бар ма?
Мынау бізде қандай фигура? –Ферзь, - Жақсы әрі қарай, мынау бізде Ладья.
Қостанайдағы 24-мектеп-гимназияның дене шынықтыру мұғалімі Мұрат Жоламанов үшін шахмат таңсық емес. Бұл ойын түрін бес жасынан үйреніп, талай дүбірлі жарыстарға қатысқан. Енді білген-түйгенін балаларға үйретіп жүр.
Мұрат Жоламанов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Шахматты үйретуге әр түрлі әдістемелер бар. Әрине ол бірінші сыныптарға арналған бөлек, жетістіктерге жеткен балаларға бөлек бағдарламалар бар. Балаларға түсінікті және бізге де түсінікті денгейде көрсетілген.
Бұл мектепте екі жылдан бері шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Сондықтан оқу бағдарламасына биыл пән ретінде енгізілгенде еш қиындық болмаған. Қазір бірінші сыныпта оқитын 55 бала осы ойынның әліппесін игеріп жатыр. Оқу бөлмесінің жабдықталуы да өзгеше. Кішкентайлардың отырып, жатып ойнауына да мүмкіндік жасалған. Ата-аналар шахматпен айналысқаннан бері балалардың танымдық қабылеті артқандығын растап отыр.
Нағима Мұсабаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Менің балам Нұрия шахмат үйірмесіне бірінші сыныптан барып жүр. Ол қалалық, облыстық турнирлерге қатысты. Қалалық турирде бірінші орын алды. Менің байқауым, ол ой-қабілеті жақсарды. Оқуы да жақсарды. Кітапқа қызығушылығы пайда болды.
Еңбек Ері Сайран Бұқанов өңірде шахматты кеңінен дәріптеп жүрген жандардың бірі. Жақында ол Харьков ауылында өз атындағы кубокты сарапқа салған балалар және ересектер арасында ашық турнир өткізді. Оған Петр Костенко, Нұрлан Ибраев сияқты гроссмейстерлер, әлем чемпионы жас шахматшы Иман Набиев қатысты. Жүлде қоры қомақты осындай жарысты ауылда ұйымдастырудағы мақсат ақыл-ойды дамытатын ойынға ауыл балаларын кеңірек тарту-дейді ардагер.
Сайран Бұқанов, Еңбек Ері:
- Шахмат сабағын түгел енгізу керек. Әсіресе мынау ауыл жақта, мен мынау мектеп директорынан сұрадым, бізде сабақ болыпты. Бірақ биыл айтады, ставканы алып қойды,сендерге керек жоқ-деп. Ол дұрыс емес қой. Бірінші назарды ауылдың балаларына аудару керек. Сол балаларды шығарып, көрсетіп, дамытып нетсе, оларда гроссмейстер болады.
Ресми дерекке сүйенсек, облыс бойынша екі мыңнан астам бала тұрақты түрде шахматпен айналысады. Енді пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілумен олардың қатары еселеп артуы тиіс-дейді сала мамандары.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг