Қостанай облысы Заречный ауылында жайлы мектеп ашылды

Қостанай облысында алғашқы жайлы мектеп ашылды.

Ұлттық жоба аясында салынған 900 орындық жаңа білім ордасы Заречный ауылында бой көтерді. Бес блоктан тұратын үш қабатты ғимарат замануй үлгідегі жабдықтармен жарақталған.

Сән-салтанаты келіскен жаңа үлгідегі осындай мектептің ашылғанына жергілікті халық дән риза. Біріншіден ауылда оқу орыны тапшылығы жойылды. Екіншіден балалардың оқып, білім алуына барынша жағдай жасалған мұндай жайлы мектеп ауыл түгілі қаланың өзінде некен-саяқ.  

Айбол Қоңқабаев, оқушы:

- Өзіндік бір ерекше дизайнымен, жаңа тұрғыда бір жарық, бөлек бір стилі бар екен. Одан бөлек осындай мектептердің ашылуы халықаралық, республикалық, облыстық денгейдегі жарыстарға немесе түрлі жоба қорғауларға осындай үлкен мүмкіндіктер ашады деген ойдамын.

Үш қабатты ғимарат бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған жеке блоктардан тұрады. Бірнеше спорт зал, кітапхана, оқу залы, асхана, акт залы барлығы аса бір талғаммен жасалған. 

Қарлығаш Алдамбергенова, №1 Заречный жалпы білім беру мектебінің директоры: 

- Интеракивті панельдер әр кабинеттерде бар. Қазір жай мектептерде ондай жоқ қой. Әртүрлі зертханалар STEM лаборотория бар, биотехнолгия бар. Химия, физика кабинеттері бәрі жаңадан. Қазіp ұстаздарға да сабақты қызықты беруге, бәрі технологиялар бәрі бар.

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алты мектеп салынып жатыр. Оның екеуі Қостанайда, біреуден Арқалықта, Рудныйда, Әулиекөлде және осы Заречный ауылында. 

Ринат Мұхаметқали, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы аптада тағы Арқалық қаласындағы мектеп қолдануға берілетін болады. Жалпы сол салынып жатқан төрт мектептің екеуін осы жылдың соңында, сосын келесі жылда тағы екі мектепті беру жоспарланған. Егер жалпы алатын болсақ, осы бағдарламадан басқа, қосқан кезде 11 мектеп бізде салынып жатыр. Сегіз мың балаға арналған.

300 орынға есептелген екінші жайлы мектеп Арқалық қаласында қарашаның алтысы күні ашылады деп жоспарланып отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг