«ХХІ ғасыр көшбасшысы»: Павлодарда облыстық іріктеу кезеңі өтті

Павлодарда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық іріктеу туры өтті. Бұл – Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жобасы.

Байқаудың мақсаты – білімді жастарға қолдау көрсетіп, елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру. Білім бәйгесіне 11-сынып оқушылары қатысады.

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының іріктеу кезеңі Павлодар облысынан басталды. Қатысушылар әуелі аудандық және қалалық деңгейде бақ сынады. Мысалы, Екібастұз ауданы бойынша 40 мектептің оқушылары қатысқан. 

Әсем Жүнісбекова, Екібастұз қ. № 28 жалпы орта білім беру мектебі директорының орынбасары:

- Оқушыларымыз химия, биология, қазақ тілі әдебиеті және физика пәндерінен дайындалды. Енді дайындық жоғары деңгейде болды деген үміттемін. Осы бүгінгі келіп отырған оқушыларымыздың қатарында топ жарған оқушыларымыз бар. Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне өткен оқушыларымыз бар. 9-11 сынып оқушылары арасында. Президенттік олимпиадаға қатысып, республикалық кезеңдерге өтіп, қатысып келген оқушыларымыз бар. 

Облыстық кезеңге өткен оқушылар бұған дейін түрлі ғылыми байқауларда,   пәндік олипиадалар мен зияткерлік, шығармашылық сайыстарда топ жарған. «Бірақ ХХІ ғасырдың көшбасшысы атану оңай емес», – дейді олар. Аудандық және қалалық кезеңдерде 30 сұраққа 45 минут берілсе, облыстық сында 60 сұраққа 75 минут ішінде жауап беру керек.

Мирас Жұмабай, оқушы:

- Бұл жерде тек қана логика емес, география, физика, химия, биология пәндерінен де сұрақтар құрастырылған. Уақыт және сұрақтар барлығы үйлесімді. Осы олимпиада әрі республикалық деңгейде өткен. «Хабар» агенттігінде көрсетілген шығарылымдары бар, солардан да көрдім.

Құсман Қыдырәлі, оқушы:

- Жалпы бұл сайыста бізге 60 сұрақ келді. Сұрақтардың көбі қатты қиын емес. Әртүрлі бағыттарды қамтыған сұрақтар.

Әлімхан Ахметов, оқушы:

- Негізі сұрақтардың барлығы таныс, біз оның барлығын өткенбіз. Бірақ көбі естен шығып кеткен, сол – басты мәселе.

Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бастамасымен өткен сайыс жоғары зияткерлік қабілеті бар балаларға қолдау көрсетуді көздейді. Әдіскер Бейбітгүл Жапарованың ойынша, павлодарлық оқушылар жақсы нәтиже көрсеуі тиіс.  

Бейбітгүл Жапарова, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру әдістемелік орталығының әдіскері:

- Балаларға дайындалуға екі апта уақыт берілді. Ереже бұл ойынның қазақ тілінде, орыс тілінде екі ережесі бар. Сол ереже балаларға, мұғалімдеріне жіберілді. Ережеге сәйкес балалар дайындалды. Біздің өңірлік орталық «Ертіс дарыны» жалпы барлық зияткерлік шараларды қамтиды. Олимпиадалар, конкурстар, ғылыми жобалар, ғылыми жарыстар болады. Сондықтан балалар жан-жақты дайындалды деп ойлаймыз.

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 5 жеңімпаз анықталды. Алдияр Жұмаш, Ералхан Амангелді, Айым Жалешева, Әділ Әмірқанов және Жұлдыз Темірбекова республикалық деңгейде облыс намысын қорғайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев.