Студенттер сүт безінің қатерлі ісігін емдеу әдісін ойлап тапты

Қазақстандық жас ғалымдар сүт безінің қатерлі ісігін емдеу әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ. Олар бактерия терапиясын қолдануды ұсынып отыр. Назарбаев университеті студенттерінің бұл жобасы Парижде өткен халықаралық байқауда үздік атанды.

Әлемде сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар көбейіп барады. Обыр диагнозының 21%-і дәл осы дертке тиесілі. Қазақстандық студенттер бұл ауруды емдеудің жаңа әдісін әзірлеуге бір жылға жуық уақыт жұмсаған. Нәтижесінде гидрогельдің көмегімен тың жоба дайындап шықты.

Рауан Мұратұлы, студент:

- Мысалы, 2 папка дейік компьютердегі. Сол жақтан бір файлды екінші папкаға көшіреміз. Сондай сияқты. Қатерлі ісікті емдейтін нәруыздың ДНК-сын саламыз. Сол ДНК бойынша біздің бактерия сол дәріні жасай береді. Соны сыртқа шығарады да, сол дәрі сүт безінің қатерлі ісігін өлтіре береді. Гидрогельді қолданамыз, себебі гидрогель барлық бактерияны ұстап алады және бактерия ешқайда қозғалмайды.

Дәрігерлер қатерлі ісікті химия және радиотерапия әдістері арқылы емдейді. Дегенмен оның адам денсаулығына кері әсері де бар. «Ал студенттер дайындаған жоба мұндай зиянды тұстарды әлдеқайда сейілтеді», – дейді ғалымдар.

Иван Воробьев, биология ғылымдарының докторы:

- Жас ғалымдар препараттың ағзаға жайылып кетпей, қатерлі ісік жасушаларына тікелей жетуін қамтамасыз еткісі келді. Екіншіден, препараттың ісік жасушаларымен толық әрекеттесуін қамтуды көздеді. Олардың бұл бастамасы халықаралық зерттеушілердің оң бағасын алып отыр.

Алайда бұл әдісті қолданысқа енгізу тым ерте. Ғалымдардың айтуынша, клиникалық зерттеу алдында тағы талдау жасалып, кейін жануарлар арқылы сынақтан өткізілуі тиіс. Париж төрінде өткен халықаралық байқауда қазақстандық студенттердің жобасы үздік атанды. Сонымен қатар жас ғалымдарымыздың зертханалық ерітінділер дайындайтын құрылғысы үшін «Үздік құрал-жабдық» жүлдесі де берілді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев.