Астанада халықаралық француз мектебі ашылады

Парижде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапарының аясында Астанада халықаралық мектеп ашу туралы келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа оқу орнының құрылысына қаржыны Freedom Holding Corp береді. Ал осы холдингтің корпоративтік қоры арқылы мектеп түлектері Францияның жоғары оқу орындарына түсе алады. Тиісті келісімге Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов және «Шетелдегі француз білімі» агенттігі директорының орынбасары Жан-Поль Нигрель қол қойған.

Меценат білім ордасын қазір әлем бойынша 600-ден астам оқу орнына иелік ететін француз агенттігімен бірлесіп басқармақ. Қазақстан мен Франция президенттері алдыңғы сапарларының нәтижесі бойынша Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашу туралы идеяны қолдап, білім саласындағы ынтымақтастыққа басымдық берген болатын.

Жан-Поль Нигрель, «Шетелдегі француз білімі» агенттігі директорының орынбасары:

- Елдеріміздің, халықтарымыздың арасындағы достық аясында Қазақстан француз білімін шетелде дамытуға айрықша үлес қосып отыр. Екіжақты маңызды істерге біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры:

- Мектепті жобалау және салу жұмысына қызу дайындық жасап жатырмыз. Оқу орнын жақын жылдары ашамыз. Қазақстандық оқушылар сапалы еуропалық білім алады деп үміттенемін. Адам капиталы – қазір біздің еліміз үшін ең басты және ең маңызды құндылық.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Әрине, бұл қазақстандық стандарттарды ескере отырып, француз тілінде сапалы білім алуға негіз болады. Қазақстан жастары әрі қарай Францияда оқып, алған білімімен Қазақстанда жұмыс істейді. Қазір елімізде Франциямен бірлескен 200 компания бар.