Астанада халықаралық француз мектебі ашылады
Қазақстан мен Францияның білім саласындағы ынтымақтастығы жанданып келеді. Елде екі француз мектебін ашу жоспарда бар, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар Алматы қаласында Францияның жетекші жоғары оқу орнының филиалы ашылып, студенттерді оқытады.
Екі елдің орта және жоғары білім саласындағы тағы қандай ортақ жобалары бар?
Қазақстанда француз мектептерін ашу туралы келісім жасалды. Бұл таяу болашақта елімізде еуропалық орта білім стандарттарын енгізу бағыты ілгерілейтінін білдіреді. Бірер күн бұрын ғана Франция елшісі бұл жайында пікір білдірді. Сильван Гиоге мырзаның сөзін келтірсек, ол: «Франция Қазақстанның орта білім жүйесін дамытуға үлес қосуға ниетті. Біз Астана мен Алматы қалаларында екі француз мектебін ашу үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді. Әрине, бұған дейін де Франция президенті Эмманюэль Макрон Мемлекет басшысымен кездесу кезінде: «Білім және ғылым салаларында нақты келісім бар. Биылғы күзде қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды», -деген.
Бұл бастамалар табысты іске асқанына алдағы уақытта куә боламыз деп сенеміз. Ал, қазір Алматыда жұмыс істеп тұрған Сорбонна-Қазақстан институты бар.
Әрине, Қазақстан мен Францияның жоғары білім саласындағы серіктестігі туралы сөз қозғағанда дәл осы Сорбонна-Қазақстан институтын айтамыз. Себебі, бұл білім саласындағы бірден бір маңызды ортақ бастама. Әрі Орталық Азия үшін теңдесі жоқ білім беру жобасы. Институт 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан ашылды. Сорбонна Париж Сите университетімен ынтымақтастықтың жемісі. Бұл жайында бізге оқу орнының басшылығы әңгімелеп берген еді. Француз тілінің маманы, ЮНЕСКО деңгейінде қызмет еткен халықаралық дипломат Қайрат Исағалиұлының сұхбатынан үзіндіге назар салайық.
Қайрат Исағалиұлы, Абай атындағы ҚАЗҰПУ профессоры:
- Сорбоннаның тарихы да үлкен және бұл дейтін ең өркениетті елдердің бірі ғой дүниежүзінде Франция халқы деген. Сорбонна-Қазақстан институтының беделі жыл сайын артып келеді. Қазір бұл халықаралық деңгейдегі цивилизация және мәдениет орталығына айналды. Сорбонна-Қазақстан институтының тағы бр ерекшелігі, бұнда жылма-жыл бірнеше француз ғалымдары, атақты оқымыстылары, тарихшылары, мәдениеттанушылары келіп осы жерде сабақ береді.
Бүгінде Қазақстан-Сорбона институтында 600-ге тарта жас білім алып жүр. Студенттер өз елімізбен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейден келіп, білім алуда. Халықаралық құқық, халықаралық қатынас және экономика салаларында мамандар даярлануда.
Тағы бір маңызды жаңалық бар. Бұл – Алматыда ашылатын Францияның беделді Лотарингия университетінің филиалы. Оқу француз тілінде жүреді. Оқу орны келер айда ресми түрде студенттерге есігін ашады.
Қайрат Исағалиұлы, Абай атындағы ҚАЗҰПУ профессоры:
- Биыл осы университеттің ашылуына біздің Қазақстан тарапы 95 грант бөлді. Қазір филиалға түсем деушілер көп, 300-ден астам арызымыз бар. Бұның Қазақстанға келуі үлкен еңбектің, үлкен істің нәтижесі. Сондықтан бұл университет өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Біздің Президентіміз Қ.Тоқаев 2 қыркүйек күні халыққа арнаған үндеуінде айтты Қазақстанда шет елдердің 23 университетінің филиалы ашылады деп. Соның біреуі осы бізде ашылғалы отырған Лотарингия уиверситетінің филиалы.
Спикеріміз атап өткендей, бұнда 6 білім беру бағдарламасы болады. Халықаралық құқық, педагогика, мемлекеттік басқару ісі, экономикалық, гуманитарлық салаларда сұранысқа сай болашақ кадрлар даярланады.
Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізден 300-400-дей студент Францияның жоғары оқу орындарына түседі. Француздар бұл көрсеткішті арттыруға ниетті. Яғни, түрлі гранттарын ұсынуда. Ал, Францияның ең көне жоғарғы оқу орындарының бірі – Шығыс тілдері мен өркениеті институтында қазақ тілі қайта оқытыла бастаған. Францияның Қазақстандағы бас консулы Фабрис Невё: «Бір-біріміздің тілімізбен, мәдениетімізбен жақынырақ танысқанымыз дұрыс. Себебі біз үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы сенімді серіктес», - деген еді.