Ақмолалық ғалымдар қарағай көшеттерін тың тәсілмен өсіреді

Ақмолалық ғалымдар қарағай көшеттерін енді жаңа технология бойынша өсіреді, деп хабарлайды 24kz.

Бірегей жобаны Әлихан Бөкейхан атындағы ғылыми-зерттеу институтынның мамандары қолға алды. Жоба 385 млн теңгеге бағаланған. Оның 350 млн теңгесі ғылым қорының есебінен бөлінді.

Елімізде қарағай көшеттерін тың тәсілмен өсіру жобасы екінші рет жүзеге асырылды. Осыған дейін мұндай бастаманы «Семей орманы» табиғи резерваты қолға алған еді. Ақмолалық ғалымдар да жаңа технологияны жан-жақты зерттегенін айтады. Ғылыми-зерттеу институты ғылым қорынан бөлінген қаржыға тұқым жинау желісі мен жаңа қондырғылар сатып алған.

Андрей Кабанов, Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының  аға ғылыми қызметкері:

- Біздің өндіріс соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бұл бізге жұмысты оңтайландыруға және өнім сапасын жақсартуға  мүмкіндік береді. Жабық тамыр жүйесін енгізу өскіндердің өсімділігін айтарлықтай арттырады. Бұл біздің еліміз үшін тың инновациялық технология деп айтуға болады.

Ал, көшеттер дәл осы жылыжайда өсіріледі. Оның аумағы 1300 шаршы мертге жуықтайды. Жылына бір млн дана өскін өсіруге қауқарлы. Нысан толығымен автоматтандырылған. «Айталық, тың тәсілмен өсетін қарағай көшеті жергілікті климатқа жақсы бейімделген», - дейді жоба жетекшісі.

Әлімжан Рақымжанов, Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

- Бұл көшеттердің өсімділігі өте жақсы. Тағы бір ерекшелегі, аймақ пен мезгіл талғамайды. Яғни, кез келген мезгілде егуге болады. Әсіресе, қысы қатты арқа өңіріне жақсы бейімделген. Сондықтан бұл жобамыз болашақта өз жемісін береріне сенімдіміз.

Қазірден бастап қарағай көшеттеріне сұраныс артқан. Орман шаруашылықтары мен жеке кәсіпорындар өскіндерді сатып алуға ниет білдіріп отыр. Осы ретте жергілікті ғалымдар бірегей жоба елдегі жасыл желекті ұлғайтып және экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береріне сендіріп отыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко