Жаркентте жайлы мектеп халық игілігіне берілді

Жазиралы Жаркент өңірінде 1200 орынды "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында білім ордасы ашылды. 

Бұл президент тапсырмасымен салынған Жетісу облысындағы алғашқы білім ошағы. Жаңа мектептің ерекшелігі қандай?

Мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда 64 кабинет болса, оның 6-ы жаңа модификациялық кабинет. Соның ішінде химия, физика, биология, робототехника, STEAM кабинеттері, нано технология сынды барлығы қамтылған.  Сондай-ақ барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техникалық құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар ағаш, металл шеберханалары мен тігін шеберханасы да қарастырылған. 

Бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған екі спорт залдары бар. Бұдан бөлек кітапхана, 230 орындық асхана, акт залы және би залы оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Оған қоса оқу құралдарына, киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг аймақтар қарастырылған. 

Балнұр Теберекова, оқушы:

- Мұндай мектептерді бұрын тек кинолардан көретінбіз. Қазіргі таңда өзіміздің қаламызда бар. Яғни айта кетсем, мен қазір шеберхана кабинетінде отырмын. Мұнда түрлі тоқыма мен ою өрнектерді тоқуға мүмкіндік бар. 

Жаңа білім ордасында ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Ғимаратта балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларына арналған жабдықтар орнатылған.  Бүгінде 46 жиынтық класс ашылған. Яғни Жаркенттегі бала саны көп мектептерден оқушылар мен сынып жетекшілері ауысып келген. 

Талшын Мұсахмет, химия пәнінің мұғалімі:

- Басқа мектептермен салыстырғанда, оқушылар теориялық алған білімдерін практикалық жолмен де жетілдіре алады. 

Жаңа да жайлы мектептің ашылғанына ата-аналар да қуанышты. Қырмызы Толымбекова көпбалалы ана. Бүгінде төрт баласын жаңа білім ордасына ауыстырыпты. Осындай заманауи мектепте біліммен сусындайтын балаларының  топ жарып шығатынына сенімі мол. 

Қырмызы Толымбекова аудан тұрғыны: 

- Өте қолайлы мектеп, маған ұнады. 

Облыс аумағында Жайлы мектеп ұлттық жоба аясында тағы бір мектеп Алакөл ауданында салынып жатыр. Келер жылы толығымен құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілу тиіс.

Марат Сүлейменов, облыстық Білім басқармасының басшысы