Ғ. Бейсембаев: Балабақшаларды лицензиялау тәртібін енгізу әлі ерте
Білім және тәрбие беру ошақтарын, оның ішінде балабақшаларды лицензиялау тәртібін енгізу әлі ерте. Бұл мәселе 2026-2027 жылдары қаралуы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршиннің сауалына жауап берген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деді. Оның айтуынша, бүгінде лицензиясыз-ақ қызметін адал атқарып жүрген балабақша көп.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңалықтардан балабақшалардағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтарды күнде болмағанымен, апта сайын көріп отырмыз. Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай мен және менің әріптестерім білім беру ұйымдарын лицензиялау деген мәселені ұсынғанбыз. Бірақ Үкімет біздің бастамамызды қолдамады. Олардың негізгі уәжі, бұл балаларды оқыту мен қамтудың төмендеуіне алып келеді. Енді біз балалардың қауіпсіздігін ысырып қойып, бизнесті қолдауымыз керек пе?
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұған дейінгі талаптардың барлығы осы балабақшаларға қатысты тәртіп күшейтілді. Оның деңгейі лицензия тәртібіне дейін көтерілді. Бірақ бұл мәселеге келу үшін балаларды балабақшамен қамту мәселесінде жекеменшік мекемелер үлкен рөл атқарып отыр.