Таразда жайлы мектеп пайдалануға берілді
Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салынады. Солардың бірі бүгін Тараз қаласында пайдалануға берілді. 6 млрд теңгеден астам қаржыға салынған ағарту ошағы 1200 балаға арналған.
Жайлы мектептің алғашқысы оқу жылының басында Сарыкемер ауылында ашылған еді. Бұл – екіншісі. «Бәйтерек» шағынауданында бой көтерген ғимаратта мәжіліс залы, ауқымды асхана мен 2 спорт залы бар. Сонымен қатар балалардың сан қырын ашу үшін робототехника мен лингафон кабинеті, зертхана, шеберхана мен 10 коворкинг орталығы бар. Жамбыл облысының әкімі білім ордасының ашылуымен құттықтап, мектеп оқушыларына медиа орталықтың сертификатын тарту етті.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Мақсатымыз – қала мен ауыл мектеп оқушыларының білім сапасындағы алшақтықты жою. Балаларымызды кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету. Бұл олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін Бәйтерек шағынауданында жалғыз мектеп болды. Сондықтан мың орынға есептелген білім ұясында 3 мың оқушы оқитын. Балалардың кейбірі көрші тұрғын үй алабына қатынауға мәжбүр болды. Жаңа ашылған жайлы мектеп бұл мәселенің бәрін шешті.
Рауан Садырқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Бұл мектебіміздің ашылуы осы жанындағы 3 лицейдің үш ауысымдылық мәселесін шешіп отыр. Қазіргі таңда мектепке 1600-ге жуық бала қабылданып, білім беруге дайын. Балалардың білім алуына мұғалімдердің білім беруіне барлық жағдай жасалған.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 12 мектеп салынады. Сонымен қатар өңірде 41 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 15-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.