Павлодар студенттері ғарыш кеңістігінен ақпарат алатын веб-сайт әзірледі

Павлодарлық студенттер ғарыш кеңістігінен ақпарат алатын веб-сайт әзірледі, деп хабарлайды 24KZ. Осы жобамен олар қарашаның 19-ында өтетін NASA Space Apps Challenge 2024 байқауының жаһандық кезеңіне қатысады. Бұл жарыстың аймақтық кезеңі қазан айында өткен еді. Павлодардың командасы 152 мемлекеттен 8 мыңнан астам команда қатысқан ірі жобаның келесі кезеңіне өтті. Байқаудың іріктеу сатысында Павлодардың Ақпарттық технологиялар колледжі мен Назарбаев университеті үздік шыққан.  

Хакатондағы көптеген кейстің ішінен Павлодар студенттері веб-сайт құру жобасын таңдапты. Ақпараттық технологиялар колледжінің 1 курс студенті Жан Бейсеков: «Бұл біздің мамандығымызға жақын. Сол себепті жаңа бағдарламаны жетілдірдік», – дейді. Ол – күн жүйесінің 3D макеті. Веб-сайт арқылы әр планетаны көріп қана қоймай, нақты уақыт режимінде ақпараттар мен фотосуреттер алуға болады.

Жан Бейсеков, Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінің 1 курс студенті:

- Біз әр планетаның моделін нөлден бастап өте егжей-тегжейлі жасадық. Сонымен қатар нақты уақыт режимінде Марстан фотосуреттер ағынын қостық. Біз NASA компьютеріне баратын Марс роверінен фотосуреттер аламыз және NASA IP көмегімен оларды алып, бағдарламамызға жүктейміз. Мен Марсты, ондағы Олипм тауын көрсеткім келді. Барлық ақпарат орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде беріледі. Сонымен қатар Википедия сілтемесі қосылған.

Жобаны жетілдіруде команда мүшелерінің әрқайсысының жеке үлесі бар. Роман Устименко аспан денелерінің суреттерін салған. Айтуынша, күн жүйесінің құрылымы 3D немесе веб-сайттар арқылы бұған дейін көрсетілмеген.

Роман Устименко, Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінің 3 курс студенті:

- Біз өзіміздің жобамызды NASA-ның Space Apps Challenge-мен біріктіргіміз келді. Сондықтан 3D моделімен суретін салдық. Мен үшін суреттердің мүмкіндігінше әдемі және дұрыс орналасқаны маңызды болды. Бұл жобада маған жүктелген міндет – 3D үлгісін жасау. Біз сондай-ақ Марс роверінен алынған суреттерді қолдандық.

Команданың ең жас мүшесі Игорь Мартынюк әлі мектеп қабырғасында оқиды. Әлемдік байқаудан кейін веб-сайтты өзге де ақпараттармен толықтырғысы келетінін айтады.

Игорь Мартынюк, А. Байтұрсынов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы:

- Біздің веб-сайт арқылы планеталар, олардың траекториясы мен ерекшеліктері туралы ақпарат алуға болады. Мысалы, көптеген адам Марста  Олимп тауы барын білмейді. Бұл – ғарыштағы жалғыз тау. Біздің қосымшалар білім беру саласы  үшін өте пайдалы болады деп санаймын. Себебі жаратылыстану пәндерінде планеталар мен ғарыш туралы ақпараттар жеткіліксіз.

NASA жариялаған байқауға Павлодар командасы арнайы дайындалмаған. Олар интернет желісінен кездейсоқ көріп қалып, тез арада қатысуға шешім қабылдапты. 

Светлана Олейник, Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

- Бұл бірінші рет өтіп жатқан байқау емес. NASA Challenge ұйымдастырған хакатонды балалар Instagram-да кездейсоқ көріп қалған екен. Жүлделі орынға ие болып жатыр. Демеушілер 300 мың теңгенің ұтысын тапсырды. Аймақтық кезеңде үздік жоба деп танылды.

Әлемдік деңгейдегі байқаудың алғашқы кезеңіне 8 мыңнан астам команда қатысқан. Олардың арасынан іріктелген 940 команда 19 қарашада NASA Space Apps Challenge 2024 байқауының әлемдік кезеңіне қатысады. Үміткерлердің жобаларын NASA мен серіктес ғарыш агенттіктерінің сарапшы төрешілер тобы қарап, жеңімпаздарды анықтайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.