Арқалық қаласында жайлы мектеп ашылды

Арқалық қаласында 300 орынға арналған жайлы мектеп ашылды.

Бұл облыста ұлттық жоба аясында тапсырылған екінші оқу ордасы. Бастан аяқ жаңадан салынған мектеп ғимараты кең және, соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған. Балаларға есігін айқара ашқан ерекше білім ордасы.

Екі қабатты жаңа мектеп бастауыш, орта және жоғары буынды оқытатын жеке блоктардан тұрады. Яғни оқушылардың жас санатына қарай ыңғайлы, жайлы болуы ескерілген. Ал енді жабдықталуы жағынан шынымен көз қуантады. Бұрынғы мектепке қарағанда көп артықшылығы бар екендігін балалар да бағалап үлгірген. 

Нурикамал Әбжан, оқушы:

- Жаңа мектеп өте әдемі, үлкен. Көптеген білім алуға деген мүмкіндіктер береді. Жайлы сыныптар, спорт алаңдар көп.

Робототехника кабинеттері мен компьютерлік сыныптар, STEM-зертханалар, кітапхана, коворкинг аймақтары, ойын алаңдары. Осының бәрі өскелең ұрпақ сапалы білім алуы үшін жоғары талғаммен жасалған.  

Асылай Сұлтанова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Маған да мұғалім ретінде жағдай жасалып қойған. Жеке тақта бар, сенсорлық тақталар орнатылған. Және дыбыс ұлғайтқыш колонкалар. Балалармен жеке-жеке жұмыс жасайтын технологиялық жағдайлар мүмкіндігі көп.

Бүгінгі күні жайлы мектепке 400-ге жуық бала қабылданған. Ашылу салтанатына келген қонақтар, ата-аналар әр сыныпты аралап, білім ордасының жағдайымен жақын танысты. Арқалық үшін жаңа мектептің әлеуметтік маңызы зор екендігін де айтпай кетпеске болмас. 

Айман Ибраева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жаңадан ашылып отырған білім ордасы Арқалықта оқу орыны тапшылығын біршама азайтады. Қаладағы төрт мектептен балалардың бір бөлігі осында ауысатындықтан олардың жұмысы жеңілдейді. Сондай-ақ шамамен жетпіс жаңа жұмыс орыны ашылды.

Ұлттық жоба аясында облыста 4 мың 500 орынға арналған алты жайлы мектеп салу жоспарланған. Соның екеуі тапсырылды, екеуінің құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Қалған екеуі келер жылға қалып отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг