Таразда Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай ғылыми- конференция өтті
Таразда белгілі сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды 24kz.
Шарада елдің әр аймағынан жиналған жазушылар мен сықақшылар ақын өмірінен сыр шертті. Тұлға туындылары жинақталған кітаптың тұсауы кесілді.
Конференцияға қатысушылар Шона Смаханұлын еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін мектептегі қоғам қайраткері атындағы музейге бас сұқты. Ол жерде ақынның көзі тірісінде қолданған баспа машинасы, күйтабақтары мен киімдері қойылған. Кітаптары мен газетке басылған туындыларын да көз шалады.
Құлбек Ергөбек, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегері:
- Кеңес Үкіметінің 70 жылында ұйықтап бара жатқан, қалғып бара жатқан қазақ халқын өзінің тотияйын тілімен ұдайы оятудан танбаған, таймас, талмас сатирик қаламгер.
Шона тек сатира саласында емес, поэзия мен прозада орасан еңбек қалдырды. 120 әнге төгілтіп өлең жазған өрісі кең, өрелі ақын.
Жанғара Дәдебаев, Ш.Смаханұлының шәкірті:
- Шөкең өзі келіп сатираға, сол сатира бойынша жұмысын жасап, өзі кетіп қалған жоқ, артында тек қана шығырмашылығы, мұрасын емес, топ тұлғаларды тәрбиелеп, өсіріп, сөйтіп кетті. һОлар қазір Шөкеңнің өнерін жалғастырып еліне қызмет етіп жүр.
Келелі кездесуде Шона Смаханұлының көзін көрген танымал ақын, жазушылар мен шәкірттері естеліктер айтты. Ақын ғұмырында шығармашылықпен қатар қоғамдық жұмысты да қатар алып жүрді. 1980 жылдардың басында Алматыда қазақ мектептерінің тым аз екенін байқап, 25-ке жуық балабақша мен білім ұясын ашты.
Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:
- Қаламгердің биылғы мерейтойы қазақ руханиятының мерейі. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өміршең туындылар екені сөзсіз. Сондықтан да қаламгердің есімі де, ерлігі де мәңгі ұмытылмайтынына біз сенеміз.
Жиын соңында Шона Смаханұлына арналған «Ер Шона» атты жинақтың тұсаукері болды. Кітапта қайраткер жайлы жылы естеліктер мен әдеби портреттер, сұхбаттар жинақталған.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә