Павлодарлық бес оқушы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына қатысады
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының Павлодарда өткен іріктеу кезеңіне ауыл мектебінің оқушысы Алдияр Жұмаш ең көп ұпай жинады, деп хабарлайды 24kz.
Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігінің» бірлескен жобасының республикалық кезеңіне өңірден бес оқушы жолдама алды. Олардың екеуі «Алтын белгіге» үміткер.
Алдияр Жұмаш Заря ауылында тұрады. Қазір сыныбындағы 18 оқушы ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Алдияр сыныптастарының жоғары нәтиже көрсететініне сенімді. Ол «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының аудандық іріктеу кезеңінде топ жарды. Ал облыстық кезеңде жоғары ұпай жинады.
Алдияр Жұмаш, Заря ауылдық мектебінің оқушысы:
- Өзім енді үшінші кезеңге өттің дегенде жаңағыдай күтпеп едім сондай жақсы нәтиже жинайтынымды. Бірақ енді үшінші кезең, яғни, жауапты кезең. Оған дайындықта енді әр пәнмен жаңағы мұғаліммен дайындықты жасау қажет деген ойдамын.
Ақсу қаласынан келген Айым Жалешова мен Ералхан Амангелді бір сыныпта оқиды. Екеуі де «Алтын белгіге» үміткер. Айым волейболмен де айналысады. Ал, Амангелді математикалық бағыттағы күрделі есептерді шешуді ұнатады.
Айым Жалешова, Қ.Сәтбаев атындағы мамандандырылған гимназияның оқушысы:
- Сайысқа қатысу үшін жан-жақты болу керек. Тек мектепте беретін білім ғана емес, жан-жақтағы өнерді, спортты, мәдениетте білу қажет. Менде спорттық жетістіктерім бар және білім жағынан көп жетістіктерім бар.
Ералхан Амангелді, Қ.Сәтбаев атындағы мамандандырылған гимназияның оқушысы:
- Мектебіміздің мұғалімдері, сыныптастарымыз біз үшін өте қуанышты. Себебі облыстан республикалық кезеңге шығу ол өте мықты дәреже деп ойлаймын.
Үздік шыққан бес үміткердің оқу мен спортта, пәнаралық және ғылыми жарыстарда жеткен жетістігі көп. Енді олар телевизиялық жобада білімін сынап көреді.
Бейбітгүл Жапарова, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру әдістемелік орталығы шығармашылық бөлімінің әдіскері:
- Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 42 баладан осы бес баланың шыққаны да қуантады бізді. Әрине, бұл балалар ертең республикада көрініп жатса, бізге тағы бір нұр үстіне нұр болушы еді Павлодар облысының зияткерлік әлеуеті үшін.
Жеңімпаздар дайындықты бастап кетті. «Хабар» арнасынан көрсетілетін «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынында екібастұздық Жұлдыз Темірбекова мен павлодарлық Әділ Әмірханов та бақ сынайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков