Оқушы күн коллекторын жасады
Абай облысында 10-сынып оқушысы күн энергиясын тиімді пайдаланатын инновациялық жоба жасады.
Дмитриев ауылының тұрғыны Жеңіс Божаев күн энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерге жаратуды көздейді. Тың жоба арқылы өңірде көмір, отын және электр энергиясына деген тәуелділікті азайтуға болады.
Жеңіс Божаев инновациялық жобасын үш жыл бойы жасаған. Коллекторды ағаш пен пеноплекстен құрастырған. Құрылғыны бірнеше рет сынақтан өткізгенін айтады. Нәтижесінде 40 сантиметр құрылғы 30° температураға дейін қызу берген. Күні бойы 2 млн 142 мың джоуль энергия жинаған. Яғни күн коллекторының көмегімен ғимаратты жылытып, ыстық сумен қамтамасыз етуге болады.
Жеңіс Божаев, оқушы:
- Менің жобам біздің өңірімізге қажет деп есептеймін. Біз қазір көмірге, отынға тәуелдіміз. Ал менің жобам күн энергиясын тегін пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни үйді жылытуға, тұрмыстық қажеттіліктерде пайдалануға болады.
Жеңістің есептеуінше, 23 шаршы метр болатын құрылғы бір жер үйді жылытып, ыстық сумен қамти алады. Күн коллекторы баспананың төбесіне орнатылады. Дарынды оқушыға жетекшілік еткен ұстазы шәкіртінің бойындағы қызығушылықты бірден байқаған. Енді бірлескен жұмыстың нәтижесін көпшілікке ұсынуды жоспарлап отыр.
Владимир Власенко, физика пәнінің мұғалімі:
- Біз жасаған құрылғымызды күзде сынақтан өткіздік. Ол оң нәтиже берді. Яғни күн коллекторы арқылы тегін энергия алуға болады. Енді бұл жобаны өңір тұрғындарына ұсынамыз. Қаражат жағынан қолдау тапсақ, оны іс жүзінде сынап көруге болады.
Жалпы Абай облысында 302 мектеп бар. Жүз мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл өңірде 200-ге жуық бала инновациялық жоба жасаған.
Салтанат Заманбекова, облыстық Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Дарынды оқушылардың инновациялық жобалары облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда көрсетіледі. Сол арқылы өздерінің шеберліктерін шыңдап, идеяларын жүзеге асу мүмкіндігіне ие болып жатыр. Білім басқармасына қарасты инновациялық-әдістемелік орталық пен облыстық дарын орталығы оқушыларға түрлі жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.
«Жоба іске асса, экологияны жақсартуға үлес қоса аламыз», – дейді оқушы. Енді құрылғыны қыс мезгілінде сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов