Экологтар жастарға дәріс оқыды
Ақтауда үкіметтік емес ұйым өкілдері студенттерге дәріс оқып, қоршаған ортаны қорғауға шақырды.
Семинарда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң септігін тигізгені айтылды. Маңғыстау өңірінде өткен сенбіліктерге волонтерлер мен студенттер белсене қатысты. Олар елді мекендерде көрнекті орындар мен облыс аумағындағы тарихи ескерткіштердің айналасын тазартып, ондаған тонна қоқыс жинады.
Сымбат Қойбақова, «Экология және геология» кафедрасының меңгерушісі:
- Бұл пәннің ерекшелігі – ол жобалық форматта өтеді. Жобалық формат дегеніміз, яғни білім алушылар осы өңірдегі болып жатқан экологиялық мәселелерге өздерінің септігін тигізіп, сол бойынша жобаларын қорғап және шешу жолдарын ұсынады.
Кирилл Осин, «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ директоры:
- Санада экологиялық мәдениетті қалыптастыруды әр адам өзінен бастауы керек. Өзі тұратын қала немесе ауыл, тіптен үйінің айналасы таза болуына атсалысса, өзгелерге үлгі болады. Қоқыс тастамай, керісінше көшеде жатқан тұрмыстық қалдықтарды жәшікке салса қандай ғанибет. Мұндай ізгі іс кез келген адамға ортақ міндет деп ойлаймын.