Ақтаулық оқушы құтқару құрылғысын жасады

Ақтаулық оқушы құтқару құрылғысын жасап шығарды.

Жетінші сыныпта оқитын Әлішер Асқардың құралы суға батқан адамға жедел көмек жібереді. Жоба макеті шағын білезік пен құтқару қайығынан тұрады. Дарынды оқушы енді өз жобасын республикалық байқауға ұсынуды көздейді.

Әлішер сабақтан бос уақытын стэм-кабинетте өткізеді. Оқушының робототехникаға деген қызығушылығы екінші сыныпта оянған. Құтқару құрылғысы кезекті еңбегі. «Адам суға батқан кезде қолындағы білезік белгі береді. Осылайша қайықпен көмекке келгендер сигнал түскен аумақты жедел анықтап, өміріне араша түсе алады», - дейді ол.

Әлішер Асқар, жоба авторы:
-
Құтқарушымыз маяк датчигі арқылы батып бара жатқан адамды, яғни көмекке шақырған адамды жағада тұрып, оның тұрған жерін микротолқындар арқылы тауып алады. Және де оны құтқарады. 2023 жылы өздеріңіз білесіз Ақшұқырда 3 бала ашық теңізге кетіп қалды. Сондай жағдай қайталанбас үшін осындай жобам ойыма келді.  

Құрылғы Төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің қажетіне жарайды деген сенімде оқушы. Ұстазының көмегімен жоба макетін бір ай ішінде құрастырған. Ендігі мақсаты – құтқару құралын жетілдіру. Алдағы уақытта Каспий жағасындағы демалыс базасында сынақтан өткізіп, өзге өңірлердегі туристік орындарда қолдануды жоспарлайды

Марат Атаназаров, роботехника пәнінің мұғалімі:
-
Асқар Әлішер жасаған жобасының ең бастысы ол – идеясы болып тұр. Қазіргі таңда қолға алынып келе жатқан туристік бағыттарда осы жоба өте маңызды болып саналады. Себебі, адамның өмірі ең бірінші орында. Мектебімізге облыс әкімі келді. Осы жобаны біз таныстырдық.

Оқушының тың жобасы облыс әкімі тарапынан қолдауға ие болды. Құрылғының прототипін жасау үшін Әлішерге қажетті көмек беріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев