Алматыда «Абай» ұлттық мектебінің іргетасы қаланды
Алматыда Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Білім ошағы енді «Абай» ұлттық мектебі деп аталады. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар қатысты.
Абай ұлттық мектебі 900 оқушыға арнап салынады. Бүгінгі таңда Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында 400-ге жуық оқушы дәріс алып жатыр. Жаңа ғимаратқа көшкенде дарынды ұл-қыздар 7-сыныптан бастап қабылданады. Бұған дейін 8-сыныптан бастап оқып келген еді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл жоба ұлы Абайдың «Толық адам» іліміне орай ұлтқа қызмет ететін азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеуді көздейді. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыруға жол ашады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім беру сапасын арттыруға баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, сапалы білім – ұлт болудың маңызды шарттарының бірі. Тіпті ең негізгі шарт деп айтсақ та артық болмайды. Сондықтан әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды жұмыс бүгін елімізде атқарылып жатыр. Орта білім беру саласында осындай іргелі істер аясында «Абай» ұлттық мектебін қалыптастыру да маңызды қадам деп есептейміз.
«Абай» мектебі желісін қалыптастыруда қазіргі Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектептің жұмысы басшылыққа алынады. «Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы», – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Білім ордасының 70 жылға жуық тарихы бар. Қазіргі қазақ зиялыларының бірқатары – осы мектептің түлегі.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Абай атындағы мектеп-интернатын «Абай» ұлттық мектебі деп трансформациялау арқылы жаңа ғимаратқа көшіру процесінің ең алғашқы қадамын көріп отырсыздар. Бүгін осы мектептің іргетасы қаланып жатыр. Заманауи озық үлгідегі қазақ тілін ғылым тіліне, техника тіліне айналдыруға серпін беретін, жалпы мемлекетшіл мықты азаматтарды тәрбиелейтін білім ошағына айналдыру жоспарланып отыр.
Осы шарадан кейін Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне барып, оқытушылар мен студенттермен кездесті. Ондағы болашақ дәрігерлер тұрып жатқан жаңа жатақхананы көрді. Сондай-ақ №63 жалпы білім беретін мектеп базасында орналасқан инклюзивті білім беру бағытындағы инновациялық тәсілдер белсенді қолданылып келе жатқан ресурстық орталықтың қызметімен танысты.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.