Алматыда заманауи стандартқа сай зертхана ашылды
Алматыда Массачусетс технологиялық институтының стандарттарына сай зертхана ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Зертхана цифрлық өндіріске арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған. Енді Сәтпаев университетінің студенттері 3D принтерлер, лазерлік кескіштер, фрезерлік станоктар және басқа да жабдықтарды пайдалана отырып, жобаларын жүзеге асыра алады. Зертхананың ашылуы білім ордасының 90 жылдығы мен академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шараға депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, ғалымдар мен шетелдік қонақтар қатысты. Бүгін сондай-ақ инженерлік орталық пен технопарк қолданысқа берілді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттерді мемлекет есебінен ғана емес, бизнестің көмегімен жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Егер де жекеменшік компания жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен бірігіп, инновациялық өндіріс немесе зерттеулерге ақша құйған жағдайда инвестиция берген жағдайда қазіргі таңда 150%, жаңа Салық кодексінің жобасында кіргізілген, қабылданған жағдайда 300%-ке дейін жеңілдіктер алатын болады. Сондықтан негізгі мақсат – өндірісті ғылыммен ұштастыру.
Қанай Рысбеков, Тау-кен металлургия институтының директоры:
- Магистрант, докторанттарымыз өзінің зерттеу жұмыстарын осы лабораторияларда орындап, сонымен қатар өндірістегі индустриядағы мәселелерді осы лабораториялардың көмегімен жасай аламыз. Алғашқы біздің үлкен мөлшердегі контрактілік зерттеу дейді ғой, жаңағы келісімшарттар жасалып жатыр.