Өзбекстанда Гүлсім Асфендияроваға арналған мемориал ашылды
Ташкентте қазақтан шыққан тұңғыш әйел дәрігер Гүлсім Асфендияроваға арналған мемориал ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Сондай-ақ құлпытасы жаңартылып, зират маңы абаттандырылды. Қазақстан елшілігінде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, әйгілі дәрігер есімі ұлықталды. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ұйытқы болған іс-шараға көрші елдің жоғары оқу орны жетекшілері мен медицина мамандары және елшілік өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Гүлсім Асфендиярова – Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Тарихшылардың айтуынша, ол бауырының медицина мамандығын таңдап, білікті дәрігер болып қалыптасуына ықпал еткен. Ал өзі кәсіби мансабында акушерлік-гинекология ісін ілгерілетіп, күллі Түркістан өңіріндегі заманауи медицина тарихында қолтаңбасын қалдырды.
Марат Шоранов, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры:
- Гүлсім Сейітжафарқызы Санжар Асфендияровтың апайы ретінде оның мамандық таңдауына ықпал етті. Университетіміздің негізін қалаған Санжар Асфендияров әуелгіде Санкт-Петербургке барып, әскери университетке оқуға түсуді жоспарлайды. Кейін ол мамандық таңдау бойынша әпкесімен ақылдасып, одан кеңес сұрайды. Осы ретте Гүлсім Асфендиярова інісіне болашағын әскери-дәрігер мамандығымен байланыстыру туралы ұсыныс айтып, оның медицина маманы атануына себепкер болады.