Елордада «Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін елордада «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге ықылас танытқан балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ түрлі этнос жастарын іріктеп, ынталандыру. Сол арқылы мемлкеттік тілдің қолданылу аясын арттыру мен этносаралық тіл ретіндегі рөлін нығайтуды көздейді. Бүгінгі күнге дейін байқау аясында 125 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылып, 3-млн-ға жуық бала қатысты. Осы жолы «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұның арқасында тек қана балаларымыз қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қазақ мәдениетіне кірігіп отыр, қазақтың салт-дәстүрін үйреніп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының ымырасын күшейтіп отыр деп айтуға болады.

Дамир Тайыржан, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қазақстан халқы ассамблеясының «Мың бала» жобасына қатысуымның басты себебі бұл өзімнің қазақ тіліне деген ынтамды арттырып, деңгейімді көтеру деп ойлаймын. Сәтті болды, өйткені Астанаға жолдама алдым, Алматыдан бас жүлдені алып, смартфон ұттым.