2025 жылы СҚО-да үш тірек мектебі салынады

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 10 тірек мектебі бар, деп хабарлайды 24kz.

Келер жылы тағы осындай үш білім ұясы ашылады. Осылайша, әр ауданның өз білім беру ресурстық орталығы болады. Оның біреуін материалдық жабдықтауға 250 млн теңге бөлінеді. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Есіл ауданы орталығындағы білім ошағында болды. Мұнда 400-ге жуық бала оқып жатыр. Қажетті керек-жарақтармен толық жабдықталған. Қосымша білім алу үшін телестудия, тақырыптық кабинеттер мен зертханалар бар.

Айдар Сұрағанов, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің директоры:

- Осы жаңартылған сыныптардан басқа қосымша білім беруге арналған зертхана, робототехника, телестудия кабинеттері біздің мектепке әкелінді. Осындай жаңалықтарды біз көптен күткен болатынбыз.

Рустам Әбілов, «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» білім беру бағдарламаларының директоры:

- Жалпы біз балалардың білім сапасы 7-ден 12%-ке дейін артып келе жатқанын көріп отырмыз. Әдістемелік сүйемелдеу үш жыл бойы жалғасады. Жалпы СҚО бойынша 13 тірек мектепті жабдықтау жоспарланған.