Атыраудағы мектепте оқушылар сабаққа ұлттық киіммен барып жүр
Атыраудағы мектептердің бірінде бастауыш сынып оқушылары мен мұғалімдер мектепке ұлттық киіммен келеді.
Дүйсенғали Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназияның 500-ден аса оқушысы ұлттық киім киюді қазір дәстүрге айналдырған. Ата-аналардың ұсынысымен қолға алынған игі бастамаға қазір жоғарғы сынып оқушылары да қызығушылық танытып жүр.
Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген кеудеше, кәжекей, тақия. Бұл №13 мектеп-гимназияның бастауыш сыныбында оқитын оқушылардың күн сайын ұмытпай киетін ұлттық киімі. Көрген адамның көзі тоятын ұлттық нақыштағы киімдерді кию бастамасын ата-аналар көтерген. Мектеп мұғалімдері де ұсынысты қолдап, қазір өздері де ұлттық киім киюді әдетке айналдырды.
Аймангүл Хамзина, бастауыш сынып мұғалімі:
- Білім саласында жалпы біліммен бірге тәрбие қатар жүреді. Тәрбие мен білім егіз, дейміз. Сондықтан қазіргі кезде біздің оқушыларымыздың сыртқы киімдеріне үлкен мән беріледі. Бұл киімдерді тігу кезінде, оюлы киімдерді таңдау кезінде бізге үлкен көмек көрсетіп отырған – ата-аналар. Өз Отанын сүйетін, жақсы әдепті, тәрбиелі, қазақы оқушыларымызды тәрбиелегіміз келеді.
1000-ға жуық оқушысы бар білім ордасындағы балалардың жартысынан көбі қазір ұлттық киіммен сабаққа келеді. Бүгінде жоғарғы сынып оқушылары да бұл бастамаға қызығушылық танытып жүр.
Алмас Қабдешов, Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназия директорының орынбасары:
- Бастауыш сынып оқушылары мектеп формасымен қоса күнделікті ұлттық нақышта тіктірілген, әдемі қазақы оюлармен тіктірілген жакеттерін киіп жүр. Мұндағы мақсат оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру. Қазіргі таңда 500 оқушы бастауыш сынып оқушылары және орта буынның 100 оқушысы осы киімді киіп жүр.
Мұндай игі бастама оқушылардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрге деген қызығушылығын ерте оятып, олардың елін сүйетін азамат боп өсуіне жол ашады, дейді мектеп басшылығы. Ұлттық киім кию дәстүрін қазір басқа білім ошақтары да қолға алып жатыр.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин