Қазақстандық ЖОО түлектері мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданады
Қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеуден өтпей-ақ қабылданады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады.
Мемлекеттік қызметке барғысы келетін жас түлектер, облыстық маңыздағы қалалар, аудандар мен ауылдық елді мекендердегі мекемелерге жұмысқа орналаса алады. Ол үшін жастар оқуды грантпен бітіруі тиіс. Әрі диплом бойынша жинаған балы жоғары болуы қажет. Аталған ереже мемлекеттік басқару аппаратына білікті мамандарды тартуды көздейді. Қазір конкурстық іріктеусіз 454 түлек қабылданды.
Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Мемлекеттік қызметке жеке және квазимемлекеттік сектордан білікті мамандарды тарту мақсатында Е-қызмет желісіне заманауи механизмдер енгізілді. Яғни, барлық кадрлық процестер цифрлық жүйеге көшірілді. Қазіргі таңда 24 модуль жаңғыртылып, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәртібі пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл ереже біздің азаматтарға іріктеу конкурсына кез келген уақытта қатысуына мүмкіндік береді.