Атыраулық оқушылар өзенді тазалайтын құрылғы ойлап тапты
Атыраулық оқушылар өзен суын ластанудан қорғайтын әрі тазартатын құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ. Назарбаев зияткерлік мектебінің 4 оқушысы жаңа жобаны 1 айда дайындап шығарған. Бүгінде олар жобаны әлі де жетілдіріп, сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
«EcoWave» – төменнен жоғарыға компрессор арқылы ауа шығаратын бірнеше түтігі бар құбыр. Құрылғыны өзеннің түбіне орнатса, судағы қоқыс су бетіне қалқып шығады. Кейін арнайы шыққан қоқысты арнайы құралдармен жинап алынады. Жайық өзенінің тағдырына алаңдаған оқушылар осылайша ерекше жобаны ойлап тапты.
Жанұя Жарас, оқушы:
- Топ мүшелері: Ахмеди, Әлтайыр, Санжармен бірге бірнеше зерттеулер жүргізіп, сол зерттеулердің арқасында жобамыз суды тазартудың ең қауіпсіз әдісі екенін дәлелдедік. Ауа көпіршіктері флора мен фаунаға ешқандай зиян келтірмейді. Балықтардың қозғалысына кедергі жасамайды. Бұл жоба, «EcoWave» өзендерді пластик пен химиялық заттармен ластану мәселесінің шешімі болып табылады.
Жобаның баламасы бұған дейін шет елдерде жүзеге асқан. Бірақ атыраулық оқушылардың құралы олармен салыстырғанда өзгеше.
Ахмеди Зейнолла, оқушы:
- Амстердамда жүзеге асқан жобадан біздің құрылғы ерекше. Өйткені біз су астында ауа шығаратын құбырдан бөлек, жанына тағы бір түтік қоюды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы химиялық ерітінді суға жіберіледі. Оның су айдынына ешқандай зияны жоқ. Керісінше қауіпті химиялық заттардан қорғайды.
Оқушылар енді бұл жобамен халықаралық білім бәйгесіне қатыспақ. Ұстаздары оқушылардың ізденімпаздығын жоғары бағалайды.
Асқар Арыстанбаев, зертхана меңгерушісі:
- Мен оқушыларға роботатехника, бағдарламалау бағыты бойынша үйреттім. Сондай-ақ зерттеу жұмыстарын жүргізуге жәрдемдестім. Жобаның жүзеге асуы үшін нақты әрі шынайы ақпарат алу маңызды. Қажетті құрал-жабдықтарды тауып беруге тырыстым.
Электр энергиясын тиімді пайдалану үшін оқушылар жел мен күннен қуат алатын қондырғы қолдануды көздейді. Енді осы жобаны Жайық өзенінде сынап көруді жоспарлап отыр. Егер экология проблемасын шеше алса, жобаны кеңінен насихаттап, жаппай қолдануға ұсынбақ.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.