«ХХІ ғасыр көшбасшысы»: Таразда облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталды

«ХХІ ғасыр көшбасшысы»: Таразда облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталды

Таразда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Білім бәсекесіне өңір бойынша аудан, қала деңгейіндегі кезеңдеріне барлығы 1000-ға жуық оқушы қатысты. Солардың арасынан іріктелген 100 бала облыстық сайыста бағын сынады. Үздік шыққан 5 оқушы республикаға жолдама алды.

Жүйріктер бәйгесінің облыстың кезеңінде 100-ге жуық үміткер бақ сынады. Тестілеу нәтижесінде ең жоғары балл алған 10 сайыскер екінші айналымда сынға түсті. Қатысушалар мектеп бағдарламасы мен логикалық сұрақтардан құраған сауалдарға жауап берді.

Ермек Нұрғазиев, қазылар алқасының мүшесі:

- Оқушылардың деңгейі жақсы, өте керемет. Жаңағы 1 минутта 10 сұраққа жауап беру тапсырмасы берілген. 10 оқушының 8 оқушысы жалпы үлгеріп, жауап берді. Бұндай сайыстар жалпы оқушыларға біріншіден, жылдамдық береді, жылдамдықтан кейін өзінің білімін нақты дәлелдей біледі.

Облыстық сайыстың нәтижесі бойынша Байзақ ауданынан келген Әйгерім Мырзабай 100 қатысушының ең үздігі атанды. Ол Сарыкемер ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияда оқиды. Аудандық, мектепішілік жарыстарында топ жарғаным болмаса, республикалық білім сайысына алғаш қатысуым. «Бұл – ауыл мектебінің білім деңгейі қаладан қалыспайтынын білдіреді», - дейді жеңімпаз.

Әйгерім Мырзабай, Сарыкемер ауылдық Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясынан оқушысы:

- Негізі бірінші орын алам деп күткен жоқпын. Білмеймін, соншама көп баланың арасынан. Өте үлкен жауапкершілік деп ойлаймын, енді облыстың атынан бес бала болып барамыз. Енді бірінші орын алып келу бұйырсын.

Ал Әміржан Тілеукен республикалық кезеңге соңғы болып жолдама алды. Себебі соңғы кезеңге дейін жинаған ұпайлары тағы екі қатысушымен бірдей болып, қосымша білім жарыстыруға тура келді. Десе де, Әміржан бұған дейін математикалық білім бәсекелерінің барлығына қатысып, жүлдегер болған. Осы тәжірибесі Қордай ауылынан келген оқушыны алға шығарды.

Әміржан Тілеукен, Қордау ауылдық №4 мектеп-лицейінің оқушысы:

- Енді географиядан сұрақ қойды Қазақстан тарихынан сұрақ қойды, кішкене қателестім. Ал енді математикадан қойғанда, сол шешіп кетті. Әр бала әр жақтан күшті болған соң бір-біріміздің білімімізбен алмассақ, сол күшті болар еді. Бәріміз енді бірге дайындалып, ары қарай республикалық деңгейде ұтып аламыз.

Жалпы республикалық кезеңге жолдама алған үздік бестіктің төртеуі аудан оқушылары болса, бірі Тараз қаласынан. Енді олар ақтық сынға «Жамбыл дарыны» ғылыми-практикалық орталығында дайындалады. Көмекке пәндік олимпиадада жетістікке жетіп жүрген ұстаздар мен психологтар жұмылдырылмақ.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә