Қарағандыдағы Н. Нұрмақов атындағы мектеп-интернаттың ашылғанына 90 жыл толды

Қарағандыдағы Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп-интернаттың ашылғанына 90 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ. Елдегі үздік мамандандырылған білім ордасының бірі – шаһардың түйдей құрдасы. Қарағанды облысында тұңғыш боп бірнеше тілде қатар білім беріп бастаған да осы мектеп. Айтулы күнге орай ұйымдастырылған салтанатты жиында оқу ордасының түлектері мен бұрынғы басшылары, ұстаздар мен тәрбиеленушілері бас қосты.

Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп-интернат Қарағанды қаласының іргетасы қаланған жылы ашылған. 90 жылдық тарихында талай өзгерісті бастан кешті. 1984 жылы білім ордасын жауып, ғимаратты өзге мекемеге беру туралы шешім де қабылданған. Бірақ  ұстаздар ұжымы іргелі оқу орнын сақтап қалды. Бірнеше жыл бұрын оқушылардың түрлі олимпиадаларда қол жеткізген нәтижесі бойынша мектеп-интернат елдегі 100 үздік білім беру ұйымдары тізіміне енді.

Сейфулмәлім Сұлтанов, Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:

- Мектебіміз 1934 жылы ашылған. Сол кездергі ауылдың балаларын оқытатын мектеп-интернат болып ең алғаш құрылған. Қойшының балаларын оқытқан. 2000 жылы қазақ тілі мен әдебиетін дамытатын мектеп болып құрылады. 2005 жылы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болды. Біз түлектерімізбен мақтанамыз. Бұл мектептен 70-тен астам ғылым докторы, 100-ге жақын ғылым кандидаты мектепті бітіріп шыққан.

Кенжегүл Бекімова, Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі:

- Бұл тек қана адам болып шығу үшін емес, білімді болып шығу үшін емес, қазақ болып Отанды сүю, болашақты тәрбиелеу, елді құрметтеу, үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау. Барлығын осы мектеп берді. Бұл мектептің берген білімімен бүгінгі күні біз үлкен жетістіктерге жеттік.

Ғасырға жуық уақыт аралығында мектеп-интернатты 4000 оқушы аяқтаған. Оқу ордасында алған білімі мен тәрбиесі кешегі оқушылардың талантты ғалым мен мемлекеттік қызметкер, ұлағатты ұстаз бен білікті инженер атануына септігін тигізді. Білім беру мекемесінің түлектері қатарында танымал журналистер де бар. «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев құттықтау хатын жолдап, әріптестерінің атынан ақжарма тілектері мен алғысын білдірді.

Салтанатты жиында Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының тарихы туралы кітаптың тұсаукесері де өтті. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Зарина Зулпыхар.