IT мамандарын даярлайтын мектеп бес жылдығын атап өтті
Елордада Alem School мектебі бес жылдық мерейтойын атап өтті.
Бұл Орталық Азиядағы алғашқы бағдарламалау мектебі. Шараға студенттер, түлектер, серіктестер мен айти саласының жетекші өкілдері қатысты. Орталық бұған дейін айти маман даярлауда көшбасшы ретінде танылып, білім беру саласына жаңа инновациялық әдістерді енгізді. Білім беру ұйымы бүгінге дейін ірі әлемдік компанияларда жұмыс істейтін 600-ден астам жоғары білікті мамандарды оқытып шығарды. Alem School өз жұмысын бастағалы бері 920-дан аса студентті қабылдады. Қазір мектепте 350-ден астам азамат оқып жатыр. Білім ордасы студенттердің нақты жобалармен жұмыс істеуіне негізделген бірегей модель бойынша жұмыс істейді.
Ермек Күзенбаев, Alem School директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біздің мақсатымыз заманауи технологияларға жауап беретін және сол технологиялардың алдын алып жүргізілетін білім беру бағдарламаларын және оқыту методикасын ұсыну болып табылады. Сол методикалдардың бірі әлемнің озық білім беру ұйымдары қолданып жүрген - Peer-to-peer методикасы бойынша оқыту. Ол методикада негізгі мақсат - студенттер бір-бірін оқытады.
Санат Балтабек, Alem School түлегі:
- Айти мамандығына кіріп кетуге маған көп әсер берді. Қазір айти мамандығында фронт жағында жұмыс жасап жатырмын. Болашақта осы айти саласында қалмақшымын. Негізі мен келгенде тек код жазамынба деп ойлағанмын. Ішінде көп сала бойынша ауысып, бір мамандық ұнамаса, басқа мамандыққа ауысып, мұның ішінде де менеджер жағы бар, код жазу жағынан қиналып жатса адам менеджер, яғни сөз жағына ауыса алады. Сол жағынан маған өте ұнады.