Көкшетауда «XXI ғасыр көшбасшысы» ойынының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды

Көкшетауда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды.

Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі» бірлесіп ұйымдастырған білім жарысына өңірден 200-ге жуық бала қатысты. Соның ішінен іріктелген 17 оқушы облыстық сайыста бақ сынады. Үздік шыққан 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.

Үздік шыққан бес үміткердің бірі Ерасыл Ташев. Ол осы сайысқа Бурабай ауданына қарасты Зеленобор ауылынан келген. Болашақта ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуді армандайды. Ал осындай зияткерлік ойындар ауыл балаларының таңылып, жарыққа шығуына жол ашады, дейді ол.

Ерасыл Ташев, оқушы:

- Мен өзі ауылдың баласы болғасын осындай жарыс, сайыстар біз сияқты ауылдың балаларын жарыққа шығаруға көмектеседі. Алға бір қадам жасап, ештеңеден қорықпай жарқын болашаққа қадам басуға жол ашады. Жарыс қатты қиын болды деп айта алмаймын. Сұрақтар көбінесе таныс болды маған. Көбінесе теория келді.

Облыстық кезеңде ең үздік нәтиже көрсеткен оқушының бірі Дильмира Кеңесова. Ол 60 сұрақтың 57-сіне дұрыс жауап берген. Дильмира осыған дейін де зияткерлік сайыстарда сан мәрте топ жарып, жеңімпаз атанған.

Дильмира Кеңесова, оқушы:

- Осындай сайыстарға мен түрақты қатысамын. Ол мені жан-жақты дамытады. Түрлі тұрғыда опыт береді.

Республикалық сыңға жолдама алған оқушылар өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезінеді. Ендігі мақсат Алматыда өтетін басты сында жеңіп шығып, өңір намысын абыроймен қорғау.

Нұржан Нұран, оқушы:

- Әрине бірінші менің атым, екіншіден өзімнің мектебім, Ақмола облысынының намысын қорғауға бара жатырмын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Бірақ, ешқандай қобалжу сезінбеймін. Өйткені мен үшін бұл өте қызықты, басқа балалармен жарысу жақсы деп ойлаймын. 

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойынына осы үш оқушыдан бөлек Алмас Құстаев пен Темірлан Сейітбатталов та қатысады. Республикалық кезеңге жолдама алған оқушылармен арнайы дайындық жұмыстары жүргізілмек.

Еркін Оразов, «Ақмола дарыны» орталығының жетекшісі:

- Біз аудандық білім бөлімдеріне, әдіскерлерге осы бағытта жұмыс істейтін оларға нұсқаулық жадынама дайындап жатырмыз. Оның ішінде бұл сұрақтар тек оқу бағдарламасынан ғана емес, соның ішінде зияткерлік, музыка, өнер, спорт сол жақты тағы қамту керек. Тек қана осы біздің балаларды біліммен ғана дайындамай, көпшіліктің алдына шығатын болғасын психологиялық тұрғыда дайын болу керекпіз. Осы орайда ауданнан психологтарды тартып, дайындаймыз.

Атап өтетін жайт, дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған зияткерлік ойынды Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесе ұйымдастырып отыр. Мұндай жарыстар оқушылардың жан-жақты дамуына зор ықпал етері сөзсіз.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко