Маңғыстау облысында жұмысшы мамандар көбейеді
Маңғыстау облысында ІТ және жұмысшы мамандығын меңгерген жастар саны артуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Жақында Ақтауда алғашқа технопарк ашылды. Нарыққа қажет мамандар даярлайтын орталықта оқушылар мен кәсіпкерлер стартап-жобаларын да жүзеге асырады.
Бұл қазақ тілінде гид қызметін ұсынатын робот. ІТ-жобаның авторы Рысжан Сансызбай «Компьютерлік инжиниринг» мамандығы бойынша екінші курста оқиды. Жас өнертапқыш бос уақытын тырнақалды туындысын жетілдіруге арнайды. Алдағы күндері роботты жоғары оқу орны немесе халыққа қызмет көрсету мекемесінің кіреберісіне қойып, сынақтан өткізіп көрмек.
Рысжан Сансызбай, жоба авторы:
- Мысалға, мынадай құжатты қайдан алу керек сияқты, соған кеңес береді. Негізінде студенттер университетке бірінші келген кезінде қиындық туындатады оларға. Менің де басымнан өткен сондай мәселе. Иә, ресепшнға қоюға болады қазір.
Ал мұнда болашақ ісмерлер мен дизайнерлер тігін технологиясын қолдануды меңгеріп, киім немесе сәндік бұйымдарды жасай алады. Ал ЗД-станоктар тұрған бөлмеде студенттер пенопласт, ағаш және темірден шағын сәулет мүсіндерін, кәдесый жасауды үйренеді.
Сұлтанбек Ізмағанбетов, оқытушы:
- Бұл жерде көбіне қолөнер ғой. Осы студенттерге үйреткіміз келеді қалай, неден жасайды. Лазерлі станогымыз бар, ол гравировка жасайды және кеседі. Одан кейін маркерлі лазеріміз бар. Ол темірге гравировка жасайды.
Технопарк қуатты 90 компьютермен жабдықталған. Білім алушылар озық технология көмегімен халықаралық еңбек нарығы талаптарына сәйкес келетін ІТ-жоба жасайды. Бағдарламаға қатысушыларды «01 edu» платформасының авторы Николя Садирак оқытады. Француз ғалымы жасанды интеллект, блокчейн, киберқауіпсіздік бойынша екі жыл бойы дәріс өткізеді.
Николя Садирак, оқытушы:
- Мен Қазақстанда 6 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл бағдарлама қазақ мемлекетінің екі қаласында қолданыста болды. Біздің мақсатымыз – «Мұғалімсіз оқыту» платформасын барлық өңірге енгізу. Ақтау шаһары тізімді бастады.
Берік Ахметов, технопарк жобасын үйлестіруші:
- Пилоттық режимде қазір министрлікпен келісіп, осыны бастадық. Әрі қарай өзінің жақсы бір нәтижесін көрсететін болса, барлық университеттердің базасында ашылады деген үлкен жоба бар министрліктің тарапынан. Сондықтан біздің маңғыстаулық жастарға енді Астана мен Алматыны іздемей, осы жерде ІТ-саласын өзі жетік меңгеруге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар технопарк аумағында саябақ ашылды. Көпшілік демалыс орнына 3 мың көшетін екті. Субұрқақ және амфитеатр салынған саябақта жылдың барлық мезгілінде мәдени-танымдық шаралар өтеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.