Білім саласындағы жемқорлық: Былтырдан бері 302 қылмыстық іс тіркелді
Антикорда білім және ғылым саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселесі талқыланды, деп хабарлайды 24kz.
Соңғы үш жылда бұл салаға 12 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда сыртқы талдау нәтижелері көрсеткендей, бөлінген қаражат тиісті жерге жұмсалмаған. Тексеріс барысында педагогтерге еңбекақы төлеу қорынан ақша жымқырудың жүйелі фактілері тіркелді. Былтырдан бері білім саласында 302 қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген залал 17 млрд теңгеден асты. Бүгінге дейін 230 адам сотталды. Ал жүзден астамының ісі сотта қаралып жатыр. Оған қоса, 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Жиында ғылымды қаржыландырудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, жою түйт-кілдері де қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша жауапты министрліктерге тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Бұл мәселелер Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Өздеріңізге белгілі, былтыр агенттік Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауына және жымқыруға әкелетін елеулі жемқорлық фактілері анықталды. Анықталған тәуекелдерді жою үшін біз салалық министрліктерге бірқатар ұсынымдар енгіздік.