Қызылордалық оқушылар халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды

Қызылордалық оқушылар халықаралық робототехника олимпиадасынан жүлделі оралды, деп хабарлайды 24kz.

Түркияның Измир қаласында өткен байқауға әлемнің 90 елінен 3500-ге жуық оқушы қатысқан.

Білім бәсекесінде Сыр өңірінің ізденімпаз өрендері қалай көзге түсті?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Алдияр мен Ернұр бұл роботты үш ай бойы құрастырған. Олар осы уақыт ішінде автопилот көлігі үлгісінде қозғалатын құрылғы ойлап тапты. Ол үшін бірнеше түс ажырататын датчик пен шағын бейнекамераны қолданған.

Алдияр Аппаз, оқушы:

- Біздің роботтың басты мақсаты – автопилотты жүріп, жол ережелерін сақтап, арнайы карта арқылы үш айналым жүріп, соңына парковка жасау. Объектілерді көріп, камерамен анықтап, оларға соққы жасамау қажет. Өйткені біздің робот машина ретінде жүреді.

Әлемнің 90 елінен 3500-ге жуық оқушы қатысқан халықаралық олимпиадада Алдияр мен Ернұрдың еңбегі жоғары бағаланды. Олардың роботы күрделі тапсырманы мінсіз орындап шыққан.

Ернұр Сәду, оқушы:

- Әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдермен сайыса отырып, екінші орынға ие болу өте үлкен жетістік деп санаймын. Және бұл тәжірибе алдағы уақытта бізге өте үлкен септігін тигізеді деп айта аламын.

Информатика пәнінің мұғалімі Серік Ахметов ізденімпаз оқушыларды олимпиадаға дайындауға жетекшілік етіп жүр. «Әр роботтың бағдарламасын түзіп шығу оңай емес. «Дегенмен, оқушылардың ұзақ уақыт талмай ізденгенінің арқасында осындай жетістікке жеттік», - дейді ұстаз.

Серік Ахметов, информатика пәнінің мұғалімі:

- Байқаудың тақырыбы – жер серіктері, яғни, жер қамқоршылары. Бұл жерде кез келген роботтанған құрылғылар қатыса алады. Яғни адамға, жер проблемаларын шешуге арналған роботтарды құрастырып келу керек болды.

Қарсыластарымызда мықты болды. Әтүрлі елдерден. Канада, Германия, АҚШ, Тайван, Тайпей сияқты шығыс елдерінен. Солардың ішінен үздік көріне алдық.

Бұл команда 2025 жылы Сингапурда өтетін бүкіләлемдік робототехника олимпиадасына қатысуды жоспарлап отыр. «Ол үшін үздіксіз дайындықты жалғастыра береміз», - дейді оқушылар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев