Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салынады

Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салынады, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мақсатта Үкімет 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Нақты айтқанда, 80 орындық білім ұясы облыстың Жаңаарқа ауданы Мыңадыр стансысында тұрғызылады.

Мектеп құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан қаржыландырылады. Қазір жұмыс істеп тұрған мектеп – осы аймақтағы жалғыз білім беру мекемесі. Ғимарат 1981 жылы салынды, 2000 жылдары қосымша кеңейтілді. Бүгінгі таңда мектеп шамадан тыс толған. Жобадағы 60 орынның орнына 123 оқушы оқып жатыр. Мектепте химия, биология, физика және география бойынша зертханалық кабинеттер, спортзалы, шеберхана, еңбек кабинеттері жоқ. Құрылыс келесі жылдың I тоқсанында басталады. Бұған дейін Үкімет еліміздің бірнеше өңірінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Нұрбек Бекеев, Жаңаарқа ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазір мұнда шамамен 120 бала оқиды, ал ғимарат мұндай көлемге арналмаған. Бар мәселе қаржыландыруға кеп тіреледі. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Бір гектар жер учаскесі бөлінді. Мектептің және оған арналған басқа нысандарды салатын орын анықталды.

Манара Ахантай, Мыңадыр стансысының тұрғыны:

- Оқушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Осыған байланысты заман талабына сай жаңа мектептің салынуы біз үшін өте маңызды. Бізге спорт залы қажет. Мысалы, қыста балалар дене шынықтыру сабағын кабинетте өткізеді. Балалар спортзалында ойнап, түрлі үйірмелерге қатысқысы келеді. Бірақ бұның ешқайсысы қарастырылмаған. Мен көпбалалы анамын. Барлық ата-ананың арманы балаларымыз осы жерде 11-сыныпқа дейін оқыса дейміз.